Қолданыста
·
09.01.2026 редакциясы
17-бап. Ашық деректер
ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII
1. Машинада оқылатын нысанда ұсынылған және еркін пайдалануға, өңдеуге, қайта жариялауға және таратуға арналған, ашық қолжетімділікте орналастырылған цифрлық деректер ашық деректер болып табылады.
2. Ашық цифрлық деректерді орталықтандырылған орналастыру, сипаттау, сақтау, іздеу, қол жеткізу және қайта пайдалану, сондай-ақ мұндай деректерге машиналық қол жеткізуге бағдарламалық интерфейстерді ұсыну үшін ашық деректердің интернет-порталы мемлекеттік цифрлық ресурс болып табылады.
3. Ашық деректердің интернет-порталы порталдың тұрақтылығын, қауіпсіздігін немесе өнімділігін қамтамасыз етуге байланысты техникалық шектеулерді қоспағанда, онда орналастырылған ашық деректерге өтеусіз, ашық және кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
4. Оператор оны техникалық сүйемелдеуді, киберқауіпсіздікті, орналастырылған ашық деректердің үздіксіз қолжетімділігін, өзектілігін, сондай-ақ уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен портал пайдаланушыларының іс-әрекеттерін журналға енгізуді қамтамасыз етеді.
5. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған ақпарат иелері Қазақстан Республикасының ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасына сәйкес ашық деректердің интернет-порталында ашық деректерді тұрақты негізде орналастыруға және уақтылы жаңартып отыруға міндетті.
6. Цифрлық ортаның осы бапта көрсетілмеген өзге субъектілері қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қамтымайтын цифрлық деректерді ашық деректердің интернет-порталында жариялау үшін өз еркімен жіберуге құқылы.
7. Таралып кетуі, қателік, қауіпсіздіктің бұзылуы, оларды заңсыз пайдалану, оларға рұқсат беру немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттер салдарынан адамдардың шектелмеген тобына қолжетімді болған цифрлық деректер ашық деректер болып табылмайды және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органды және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетін хабардар ете отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен цифрлық ресурстардан дереу алып тасталуға тиіс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-17/