ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 255-VIII ·09.01.2026
09.01.2026 редакциясы
Қолданыста · 09.01.2026 редакциясы

75-бап. «Цифрлық үкіметтің» веб-порталы

ЦИФРОВОЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 255-VIII

1. «Цифрлық үкіметтің» веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілер орналастыратын шоғырландырылған ақпаратқа, сондай-ақ электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің «бірыңғай терезесін» білдіретін цифрлық объект.
2. «Цифрлық үкіметтің» веб-порталында жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтер көрсету, аталған тұлғалардың өтініштерін қарайтын субъектілерге жүгіну, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша қызметтер көрсету субъектілерімен өзара іс-қимылы жеке кабинет арқылы жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметтер көрсетуге қатысатын өзге де субъектілер операторға «цифрлық үкіметтің» веб-порталын ақпараттық толықтыруға арналған қажетті цифрлық деректер мен цифрлық жазбаларды ұсынады.
4. «Цифрлық үкімет» веб-порталының мазмұнына, жүргізілуіне және цифрлық деректермен және цифрлық жазбалармен ақпараттық толықтырылуына қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
5. Мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтер «цифрлық үкіметтің» веб-порталы, «цифрлық үкіметтің» мобильдік қосымшасы және (немесе) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы көрсетіледі.
6. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер «цифрлық үкіметтің» веб-порталы және (немесе) «цифрлық үкіметтің» мобильдік қосымшасы арқылы оларға қол жеткізуді міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасында көзделген тәсілдермен ұсынылады.
7. Электрондық нысанда көрсетілетін өзге де қызметтер уәкілетті орган айқындаған тәртіппен белгіленетін өлшемшарттарға сәйкес келген кезде оларға «цифрлық үкіметтің» веб-порталы және (немесе) «цифрлық үкіметтің» мобильдік қосымшасы арқылы міндетті түрде қол жеткізу қамтамасыз етіледі.
8. Ұялы байланыс операторы ұсынған ұялы байланыс желісінің абоненттік нөмірін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда алу үшін «цифрлық үкіметтің» есептік жазбасына, веб-порталына тіркеу және қосу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді «цифрлық үкіметтің» веб-порталы және ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы арқылы алу үшін Қазақстан Республикасының мобильді азаматтарының базасында тіркелген ұялы байланыс желісінің абоненттік нөмірі пайдаланылады. Мобильді азаматтар базасы – «цифрлық үкімет» пайдаланушыларының ұялы байланыс желісі абоненттік нөмірлерінің цифрлық ресурсы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/tsifrovoy-kodeks/st-75/