Кіру
Уголовный кодекс Республики Казахстан Қолданыста Кодекс ·№ 226-v ·03.07.2014
01.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

132-бап. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту

Уголовный кодекс Республики Казахстан · № 226-v

1. Он сегiз жасқа толған адамның кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартуы – үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаған немесе телекоммуникация желілерін, ақпараттандыру объектілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп жасалған іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, кәмелетке толмаған адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға тартуға байланысты іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші немесе төртінші бөліктерінде көзделген, кәмелетке толмаған адамды қылмыстық топтың қылмыстық әрекетіне тартуға байланысты іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/uk/st-132/