217-бап. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
Уголовный кодекс Республики Казахстан · № 226-v
1. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету –
мүлкі тәркіленіп, бір мыңнан үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
4) ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті не оған құқықты тарта отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) аса ірі мөлшерде ақшаны, өзге мүлікті не оған құқықты тарта отырып
жасалған;
3) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, ал 3) тармақта көзделген жағдайларда мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құруға дем берушілік немесе оған немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы ұйымдастырушыдан басқа адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/uk/st-217/