42-бап. Пруденциалдық қалыптар және сақталуға мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттер
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 2444
1. Банкiлер мiндеттi түрде сақтау үшiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн пруденциалдық қалыптардың құрамына:
банкiнiң жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi;
банктің меншікті капиталының ең төменгі мөлшері;
өз капиталы жеткiлiктiлiгiнің коэффицентi;
бiр қарыз алушыға жасалатын тәуекелдiң ең көп мөлшерi;
өтiмдiлiк коэффицентi;
ашық валюталық позиция
лимиттері енеді.
Банк конгломераттары міндетті түрде сақтау үшін уәкiлеттi орган белгілейтін пруденциалдық нормативтердің құрамына:
жарғылық капиталдың ең аз мөлшері;
өз капиталы жеткіліктілігінің коэффиценті;
бір қарыз алушыға жасалатын тәуекелдің ең көп мөлшері енеді.
Уәкiлеттi орган халықаралық банк тәжiрибесiнде пайдаланылатын қосымша пруденциалдық қалыптар және өзге де орындалуы мiндеттi нормалар мен лимиттер белгiлеуге құқылы.
Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес банктерді және (немесе) банк холдингтерін не олардың лауазымды адамдарын және (немесе) банктің ірі қатысушыларын пруденциалдық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді банктің бұзғаны үшін жауапқа тарту жөнінде шаралар қолданады.
Уәкілетті орган банк холдингі жоқ банктерге және банк конгломераттарына жекелеген пруденциялық нормативтер мен аталған банкке және банк конгломератына тән тәуекел факторларының ықтимал ең жоғары өзгерістері кезінде туындайтын әлеуетті қомақты шығындардың орнын толтыру үшін жеткілікті деңгейдегі олардың нормативтік мәнін белгілеуге құқылы.
1-1. Ислам банктері үшін пруденциалдық
нормативтер және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттер, олардың нормативтік мәндері және оларды есептеу әдістемесі ислам банктерінің банктік қызметті жүзеге асыруының осы Заңда көзделген ерекшеліктері ескеріле отырып, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Ислам банктері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісіне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциялық нормативтердің орындалғаны туралы есептілікті ұсынады.
2. Банктiң қаржы жағдайының қойылатын талаптарға сәйкестiгi туралы мәселенi шешу мақсатында уәкiлеттi орган белгiлi бiр күнге банк және банк тобы капиталының мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
3. Банктің және банк конгломератының пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемелері, капиталының мөлшері, ашық валюталық позицияны есептеу тәртібі мен оның лимиттері уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерінде белгiленедi.
Банктер, банк конгломераттары және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциялық нормативтердің орындалғаны туралы есептілікті ұсынады.
3-1. Банк немесе банк конгломератының қатысушысы уәкілетті органның қаржы және (немесе) өзге де есептілік деректерін түзету жөнінде жазбаша нұсқамада көрсетілген талаптарын орындамаған жағдайда, пруденциалдық нормативтердің және басқа міндетті нормалар мен лимиттердің есебін уәкілетті орган өзі түзеткен есептілік негізінде жүзеге асырады.
4. Банк, банк конгломераты уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген өз капиталы жеткіліктілігінің коэффициентін бұзған жағдайда, банк, банк холдингі уәкiлеттi органға қайта капиталдандыру жоспарын жіберуі тиіс. Жоспарды бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шараларды және олардың мерзімін егжей-тегжейлі көрсете отырып, өз капиталы жеткіліктілігінің коэффициентін бұзған күннен бастап бір айдың ішінде ұсыну қажет.
5. Банк холдингтері, сондай-ақ банктің ірі қатысушылары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген банктің және банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерін қолдау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Банктің немесе банк конгломератының қаржылық жай-күйі нашарлаған жағдайда, банк холдингі, банктің ірі қатысушысы уәкілетті органның талабы бойынша банктің немесе банк конгломератының қаржылық жай-күйін жақсарту, оның ішінде банктің немесе банк конгломератының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жеткілікті мөлшерде банктің және банк конгломератының меншікті капиталын ұлғайту жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
Осы тармақта көзделген талаптар орындалмаған кезде, уәкілетті орган банк холдингіне, банктің ірі қатысушысына осы Заңның 47-1-бабында көзделген қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
6. Уәкілетті орган қаржы жүйесінің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, депозиторлар мен кредиторлардың заңды мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы үшін пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді белгілейді.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкі Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкінің филиалы үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шотта орналастырған ақша және (немесе) тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін, Қазақстан Республикасының бейрезидент –банкінің филиалы Қазақстан Республикасының аумағында банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алғаннан кейін сатып алатын қаржы құралдары Қазақстан Республикасының бейрезидент – банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтері деп танылады.
Қазақстан Республикасының бейрезидент – банктерінің филиалдары (оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент – ислам банктерінің филиалдары) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциялық нормативтердің орындалғаны туралы есептілікті ұсынады.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының (оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-ислам банктері филиалдарының) пруденциалдық нормативтерді орындауы туралы есептілік тізбесі, нысандары, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалын жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қаржылық жағдайының қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы мәселені шешу мақсатында уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерінің белгілі бір күнгі мөлшерін айқындауға құқылы.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы уәкілетті органның жазбаша нұсқамада көрсетілген бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша есептіліктегі және (немесе) өзге де есептіліктегі деректерді түзету жөніндегі талаптарын орындамаған кезде пруденциялық нормативтерді және басқа да міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуді уәкілетті орган өзі түзеткен есептілік негізінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, резерв ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілік коэффициентін бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы уәкілетті органға қайта капиталдандыру жоспарын жіберуге тиіс. Жоспарды резерв ретінде қабылданатын активтердің жеткіліктілік коэффициенті бұзылған күннен бастап бір ай ішінде, бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар мен мерзімдерді егжей-тегжейлі сипаттай отырып ұсыну қажет.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерінің жеткіліктілік коэффициентін қолдау жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі уәкілетті органның талап етуі бойынша Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қаржылық жағдайын жақсарту, оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерін Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге жеткілікті мөлшерде ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Ескерту. 42-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1996.12.07. № 50; 1997.07.11. № 154; 1999.07.16. N 436; 2001.03.02. N 162; 2003.07.10. N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі); 2005.07.08. N 69; 2005.12.23. N 107 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2007.02.19. N 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2009.02.12 N 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VІ (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 97-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);
30.06.2025 № 205-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-104325/st-42/