44-бап. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезіндегі агенттік қызмет
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде агенттік қызметті жүзеге асыруға құқылы, оған сәйкес олар өз клиентінің агенті болады не үшінші тұлғаны өзінің агенті етіп тағайындайды.
Агенттік келісімге сәйкес агент клиенттің атынан және оның тапсырмасы бойынша не өз атынан, бірақ клиенттің тапсырмасы бойынша және соның есебінен өзінің жеке тәжірибесі мен білімі негізінде сыйақы үшін кіріс алуға бағытталған белгілі бір заңды іс-қимылдар жасауға міндетті болады.
2. Агенттік келісімге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде оның талаптарына қарай осы бапта көзделген ерекшеліктері бар тапсырма немесе комиссия шарты туралы қағидалар қолданылады.
3. Жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде банктер және өзге қаржы ұйымдары исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен жасалған агенттік келісім бойынша тараптар (клиент не агент) ретінде бола алады.
4. Агенттік келісімде исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде:
агенттің сыйақысын айқындау және төлеу тәртібі белгіленуге тиіс;
клиент кірісінің кепілдік берілген мөлшері көзделмейді.
5. Агенттік келісім бойынша агент исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде сыйақы алу құқығын агенттік келісімнің орындалу нәтижелеріне қарамастан сақтайды.
Агенттің кінәсінен залалдар туындаған жағдайларды қоспағанда, агенттің қызметі нәтижесінде келтірілетін залалдар тәуекелін исламдық банк операцияларын жүзеге асыру кезінде агенттік келісімнің клиенті көтереді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-44/