Мазмұнға өту
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан Қолданыста 01.07.2026 редакциясы
{# The accessible name CONTAINS the visible «A−» / «A+» instead of replacing it: speech control matches what a person can read on the button (WCAG 2.5.3). The header's language button is built the same way. #}
Белгілі бір күнгі редакция

45-бап. Банктің, банк холдингінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлері

Қолданыста 01.07.2026 редакциясы

О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII

1. Мыналар банктің басшы қызметкерлері деп танылады:
1) басқару органының басшысы мен мүшелері;
2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;
3) бас бухгалтер және бас бухгалтердің орынбасары;
4) банктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және банк қызметін жүзеге асыруға негіз болған құжаттарға қол қою құқығы бар өзге де банк басшылары;
5) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар. Банктің оқшауланған бөлімшелерінің бірінші басшылары және олардың бас бухгалтерлері және бас бухгалтерлердің орынбасарлары, сондай-ақ банк қызметін жүзеге асыруға негіз болған құжаттарға қол қою құқығы бар және тек бір құрылымдық бөлімшенің қызметіне бақылауды жүзеге асыратын адамдар банктің басшы қызметкерлері болып табылмайды.
2. Мыналар Қазақстан Республикасының резидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылады:
1) басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері;
2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;
3) бас бухгалтер және бас бухгалтердің орынбасары;
4) еншілес ұйымдардың немесе банк холдингі капиталға қомақты қатысатын ұйымдардың қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын өзге де басшылар;
5) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының резидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар.
3. Мыналар Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылады:
1) басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері;
2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;
3) бас бухгалтер;
4) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингінің басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар.
4. Мыналар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлері деп танылады:
1) филиал басшысы және оның орынбасарлары;
2) Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және банк қызметін жүзеге асыруға негіз болған құжаттарға қол қою құқығы бар өзге де филиал басшылары;
3) бас бухгалтер және бас бухгалтердің орынбасары;
4) уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлері деп танылған өзге де адамдар. Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кемінде екі басшы қызметкері Қазақстан Республикасының резиденті болуға тиіс. Осы Заңның 16-бабының 2-тармағы 7) тармақшасының және 126-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының мақсаттары үшін басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері, атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері, бас бухгалтер Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің басшы қызметкерлері деп танылады.
5. Банктің, банк холдингінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар және оларды келісу тәртібі «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленеді.
6. Адам уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкері деп танылған және банкке осы Заңның 80-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген қадағалап ден қою шарасы қолданылған жағдайда, банк уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкері деп танылған адамның «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген талаптарға сай келуін растайтын, басшы қызметкерді тағайындауға (сайлауға) келісім алу үшін құжаттарды уәкілетті орган белгілеген мерзімде ұсынуға міндетті. Банк құжаттарды уәкілетті орган белгілеген мерзімде ұсынбаған кезде уәкілетті органның уәжді пайымдауы пайдаланыла отырып, банктің басшы қызметкері деп танылған адаммен еңбек шартын бұзуға және (немесе) осы адамның өкілеттігін тоқтату бойынша өзге де шаралар қабылдауға міндетті. Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент банк холдингтері мен банк филиалдарына қолданылады.
7. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басқару органының басшысы мен мүшелері, атқарушы органының басшысы мен мүшелері «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген талаптарға сай келуге тиіс. Көрсетілген талаптарға сай келген жағдайда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басқару органының басшысы мен мүшелері, атқарушы органының басшысы мен мүшелері уәкілетті органның келісімінсіз лауазымға тағайындалады (сайланады). Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органның талап етуі бойынша басқару органының басшысы мен мүшесі, атқарушы органның басшысы мен мүшесі «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, оларды қызметтен шеттетеді. Уәкілетті банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның басқару органының басшысына (мүшесіне), атқарушы органының басшысына (мүшесіне) осы Заңның 80-бабы 1-тармағының 11) тармақшасында көзделген қадағалап ден қою шарасын қолданған жағдайда, осы ұйым осы адаммен шартты бұзуға және (немесе) оның өкілеттігін тоқтату бойынша шаралар қабылдауға міндетті. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтің еншілес ұйымы болып табылатын ұйымның атқарушы органының басшылары үшін «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында белгіленген жұмыс өтіліне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардағы жұмыс өтілі де қосылады.
8. Лауазымдық міндеттеріне банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға байланысты мәселелерге жетекшілік ету кіретін Ұлттық пошта операторының атқарушы органының мүшелері Ұлттық пошта операторының басшы қызметкерлері деп танылады. Осы баптың 7-тармағының талаптары Ұлттық пошта операторының басшы қызметкерлеріне қолданылады.