46-бап. Банктің тәуелсіз директорлары
Қолданыста
01.07.2026 редакциясы
О банках и банковской деятельности в Республике Казахстан · № 258-VIII
1. Банктің директорлар кеңесінің мүшесі тәуелсіз директоры болып табылатын немесе болуға ниет білдіретін адам «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында тәуелсіз директор үшін белгіленген талаптарға, сондай-ақ аталған адамның банктен тәуелсіз болуын куәландыратын мынадай қосымша талаптарға (бұдан әрі – тәуелсіз болуға қойылатын талаптар) сай келуге тиіс:
1) аталған адам лауазымдық міндеттерін орындағаны үшін, оның ішінде банктің акциялары және (немесе) банктің акцияларын (базалық активі банктің акциялары болып табылатын туынды бағалы қағаздарды) алуға құқықтар түрінде банктің орналастырылған акцияларының жалпы санының бір пайыздан астамы көлемде сыйақы немесе банктен және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамнан жалақы алмайды және мұндай сыйақыны немесе жалақыны соңғы үш жыл ішінде алмаған.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде белгіленген талап аталған адамның банктің тәуелсіз директоры және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамның тәуелсіз директоры ретінде лауазымдық міндеттерін орындағаны үшін алатын сыйақысына қолданылмайды;
2) аталған адам банктің тәуелсіз директоры ретінде тағайындалар алдындағы бір жыл ішінде:
банкпен және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен айтарлықтай іскерлік қатынастарда болмаған;
акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не үлестік қатысудың басқа да нысандарын бір пайыздан артық мөлшерде иеленбеген, сондай-ақ банкпен айтарлықтай іскерлік қатынастары бар және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты ұйымда лауазымды адам болып табылмаған.
Осы тармақшадағы айтарлықтай іскерлік қатынастар деп уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден асатын сомаға мәмілелер жасау түсініледі;
3) аталған адам банктің тәуелсіз директоры ретінде тағайындалар алдындағы соңғы үш жыл ішінде банктің, банктің ірі қатысушысының (банк холдингінің) сыртқы аудитін жүзеге асырған аудиторлық ұйымның, банктің ірі қатысушысын (банк холдингін) және (немесе) банктің еншілес ұйымын бақылауды жүзеге асырған ұйымның қызметкері болып табылмаған;
4) аталған адам банктің тәуелсіз директоры болып табылмайды не ол бірінші тағайындалған күннен бастап қатарынан тоғыз жылдан астам тәуелсіз директоры болып табылмаған;
5) аталған адам сенімхатқа, заңнамаға, сот шешіміне не әкімшілік актіге негізделген өкілеттіктерге орай банктің ірі қатысушысының (банк холдингінің) және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаның мүдделерін білдірмейді және мұндай өкілдікті соңғы үш жыл ішінде жүзеге асырмаған;
6) аталған адам банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты адам болып табылмайды және (немесе) ол банктің тәуелсіз директоры лауазымына оны келісу туралы өтінішхат берілген күннің алдындағы үш жыл ішінде ерекше қатынастар арқылы байланысты адам болып табылмаған;
7) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаның тәуелсіз директоры ретінде лауазымдық міндеттерін орындауды қоспағанда, аталған адам соңғы үш жыл ішінде банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаның лауазымды адамы болып табылмайды және болып табылмаған;
8) аталған адам:
банк акцияларын;
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға болып табылатын ұйымдарда акцияларды, қатысу үлестерін, пайларды не үлестік қатысудың басқа да нысандарын бір пайыздан астам мөлшерде тікелей және (немесе) жанама иеленбейді;
9) аталған адамның және (немесе) оның жақын туыстарының қандай да бір лауазымдарды бұрын атқарғанына немесе қазіргі уақытта атқаруына байланысты және (немесе) банктің директорлар кеңесінің және (немесе) банктің атқарушы органының басқа мүшелерімен және (немесе) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты басқа да тұлғалармен жеке, кәсіптік немесе коммерциялық қатынастары болуына байланысты, аталған адамда өзінің лауазымдық міндеттерін тәуелсіз және объективті орындауына кедергі келтіруі мүмкін және (немесе) оны басқа адамдар (банктің лауазымды адамдарын немесе акционерлерін қоса алғанда) тарапынан тиісінше ықпал етпеуіне ұшыратуға алып келетін өзге де мүдделер қақтығысы болмайды.
Осы тармақтың мақсаттары үшін мүдделер қақтығысы аталған адамның жеке мүддесі мен оның өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындауы және (немесе) банктің және (немесе) оның қызметкерлерінің және (немесе) клиенттердің мүліктік және өзге де мүдделері арасында банк және (немесе) оның клиенттері үшін теріс салдарға алып келетін (алып келуі мүмкін) қайшылық туындайтын жағдайды білдіреді.
2. Тәуелсіз болуға қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз директор:
тәуелсіз директордың тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сай келмеуіне алып келуі мүмкін кез келген мән-жайлардың туындауы туралы банктің директорлар кеңесін хабардар етеді;
қаржы жылы аяқталғаннан кейін жыл сайын, күнтізбелік алпыс күн ішінде банктің директорлар кеңесінің кадрлар және сыйақы мәселелері жөніндегі комитетіне уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітілген нысан бойынша тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сәйкестігіне қатысты декларация ұсынады.
Банктің директорлар кеңесінің кадрлар және сыйақы мәселелері жөніндегі комитеті тәуелсіз директор ұсынған ақпаратты ескере отырып, тәуелсіз директордың тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сай келуіне бағалау жүргізеді және тәуелсіз директордың тәуелсіз болуы туралы қорытынды береді, сондай-ақ тәуелсіз директордың тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сай келмеуін куәландыратын мән-жайларды анықтау туралы ақпаратты директорлар кеңесіне дереу ашып көрсетуді қамтамасыз етеді. Тәуелсіз директор тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сай келуін бағалау объектісі болып табылатын жағдайларда, осы тәуелсіз директор банктің директорлар кеңесінің кадрлар және сыйақы мәселелері жөніндегі комитетінің жұмысына қатыспайды.
Тәуелсіз директордың тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сай келмеуі анықталған және мұндай сәйкессіздікті банкке зиян келтірмей (теріс салдарсыз) жою мүмкін болмаған жағдайда, банктің директорлар кеңесі осы тәуелсіз директордың өкілеттігін тоқтату туралы мәселені банк акционерлерінің жалпы жиналысының қарауына дереу шығарады.
3. Банктің директорлар кеңесі банк акционерлерінің жылдық жалпы жиналысына банктің тәуелсіз директорларының тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сай келуі туралы есепті ұсынады.
4. Банк жыл сайын уәкілетті органға тәуелсіз директорлардың тәуелсіз болуға қойылатын талаптарға сай келуі туралы есепті уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде ұсынады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/doc-221398/st-46/