Об административных правонарушениях Қолданыста Кодекс ·№ 235 ·05.07.2014
12.07.2026 редакциясы
Қолданыста · 12.07.2026 редакциясы

822-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы

Об административных правонарушениях · № 235

1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда:
1) қаулы шығарған лауазымды адамның лауазымы, тегі, аты-жөні немесе мемлекеттік органның атауы;
2) iстiң қаралған күнi мен орны;
3) өзiне қатысты iс қаралған тұлға туралы мәлiметтер: жеке тұлғалар үшiн – тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), туған жылы, айы, күнi, тұрғылықты жерi, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелерi, сәйкестендіру нөмiрi, тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшiн – атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, орналасқан жерi, заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен күнi, сәйкестендіру нөмiрi және банк деректемелерi;
4) қаралып жатқан iс бойынша iс жүргiзу тiлi;
5) осы Кодекстiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылық көзделетiн бабы;
6) iстi қарау кезiнде анықталған мән-жайлар;
7) iс бойынша шешiм;
8) қаулыға шағым жасаудың тәртiбi мен мерзімдері;
9) айыппұлды ерікті түрде төлеу немесе әкімшілік жазаның өзге түрін орындау мерзімдері көрсетілуге тиіс.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңды және негізделген болуға тиiс.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген, алынып қойылған заттары мен құжаттары туралы, заңды тұлғаға тиесiлi алынып қойылған құжаттар мен мүлiк туралы мәселелер шешiлуге және көрсетілуге тиiс, бұл ретте:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралдары не нысанасы болған және әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған жеке немесе заңды тұлғаға тиесiлi заттар осы Кодекстiң 2-бөлiмiнің Ерекше бөлiгi нормаларының санкцияларында көзделген жағдайларда тәркiленедi не тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады; қалған жағдайларда тиесiлiлігі бойынша қайтарылады;
2) айналысына тыйым салынған заттар тиiстi мекемелерге берiледi немесе жойылады;
3) құнды болып табылмайтын және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалар өтiнiшхат берген жағдайларда оларға берiлуi мүмкiн;
4) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар iсте оның бүкiл сақталу мерзiмi iшiнде қалады не мүдделi тұлғаларға берiледi.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы жазбаша ресімделеді және осындай қаулы шығарған лауазымды адам оған қол қояды не осындай қаулы шығарған мемлекеттік органның (лауазымды адамның) электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделеді.
5. Осы Кодекстің 744-бабының бірінші бөлігі, 883-бабының 3-1) тармақшасы тәртібімен енгізілген дереу қарау туралы өтінішхаттың негізінде қаралған іс бойынша сот қысқаша қаулы шығарады. Қысқаша қаулы кіріспе, анықтау және қарар бөліктерінен тұрады. Сот іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың жазбаша өтінішхаты бойынша не өз бастамасы бойынша кіріспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын қаулы дайындайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/koap/st-822/