Күшін жойған
·
01.01.2026 редакциясы
331-бап. Жеке тұлға Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс
О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) · № 120-VI
1. Жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті өткізген кезде туындайды:
1)
меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, тұрақ орындары, жеке қосалқы шаруашылық объектілері;
2)
меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналасқан, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
3)
меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бақ шаруашылығы, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналаспаған, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
4)
Қазақстан Республикасының аумағындағы, осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген нысаналы мақсаты бар жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
5) Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық алтын;
6)
осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілгенді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік;
7)
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге жататын, бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған механикалық көлік құралдары және тіркемелер;
8) эмитенттері Қазақстан Республикасында тіркелген цифрлық активтер, туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда), Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері;
9) бағалы қағаздар.
Ерлі-зайыптылардың біреуі осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жылжымайтын мүлікке құқықтарды мұраға алған кездегі құн өсімін айқындау мақсаттары үшін осы тармақшаларда көрсетілген кезең ерлі-зайыптылардың осындай мүлікке ортақ бірлескен меншік құқығы тіркелген күннен бастап айқындалады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.
3.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бағасы арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
4.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беру нәтижесінде сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен салық төлеуші тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын сатып алған құн арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
5.
Жеке тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетілген, бұрын осы Кодекстің 681-бабының 2-тармағына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде салық салу объектісіне енгізілген немесе бұрын осы Кодекстің 238-бабына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс айқындалған мүлікті өткізген жағдайда, мүлікті өткізу бағасы (құны) мен өтеусіз алынған мүліктің бұрын кіріске енгізілген құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
6.
Жеке тұрғын үйді өткізетін тұлға салған жеке тұрғын үй, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген, мұра, қайырымдылық көмек түрінде алынған мүлік өткізілген жағдайларда (осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда), мүлікті өткізу бағасы (құны) мен меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін мүліктің нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген салықтық кезең үшін кірістер және мүлік туралы декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс. Осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
7.
Осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайда осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған күнге айқындалған нарықтық құны болмаған кезде не нарықтық құнды айқындаудың осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімі сақталмаған кезде, сондай-ақ осы баптың 6-тармағында көрсетілмеген, мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған басқа да жағдайларда, мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады:
1)
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен бағалау құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына мүлік салығын есептеу үшін айқындаған құн бағалау құны болып табылады;
2)
осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – мүлікті өткізу бағасы (құны) мен жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне айқындаған құн кадастрлық құн (бағалау құны) болып табылады:
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күн;
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннің алдындағы соңғы күн;
3)
осы баптың 1-тармағының 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – осындай мүлікті өткізу бағасы (құны).
Дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғаның өзі салған, өткізетін ғимарат, ғимараттың бір бөлігі өткізілген кезде осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен осындай ғимаратты, ғимараттың бір бөлігін салу үшін сатып алынған жер учаскесінің құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Ғимараттың бір бөлігін өткізу кезінде жер учаскесінің құны ғимараттың өткізілетін бөлігіне пропорционалды түрде айқындалады.
Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын, бұрын жеке тұрғын үйден реконструкцияланған ғимарат өткізілген жағдайда, осындай мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны жеке тұрғын үй ретінде сатып алу құнының арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
8.
Жеке тұлға осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген, бұрын осындай тұлға Қазақстан Республикасының аумағына әкелген мүлікті өткізген жағдайда, мыналар оны сатып алу бағасы (құны) болып табылады:
1)
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер бойынша – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағында механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге құжатта көрсетілген баға (құн) мен кедендік және кәдеге жарату төлемдері, сондай-ақ тауарларға арналған декларацияда көрсетілген және осындай механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді әкелу кезінде төленген қосылған құн салығы мен акциздің сомалары;
2)
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан әкелінген механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер бойынша – механикалық көлік құралының және (немесе) тіркеменің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында сатып алынғанын растайтын шартта (келісімшартта) немесе өзге құжатта көрсетілген баға (құн) мен тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште көрсетілген және осы Кодексте айқындалған тәртіппен төленген қосылған құн салығы мен акциздің сомалары.
9. Осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады:
1) сатып алу (салым) бағасы (құны) болған жағдайда – өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу (салым) бағасы (құны) арасындағы оң айырма;
2) мүлікті сатып алу (салым) бағасы (құны) болмаған жағдайда – мүлікті өткізу бағасы (құны).
10. Бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс:
1) жеңілдік жасалатын бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістен;
2) жеңілдік жасалатын бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістен тұрады.
11. Бағалы қағаздарды өткізуден, оның ішінде борыштық бағалы қағаздарды өтеуден алынатын нәтиже оң немесе теріс мәнге ие болуы мүмкін және салықтық кезеңде шығып қалудың әрбір операциясы бойынша бағалы қағазды өткізу, өтеу құны мен оның бастапқы құны арасындағы айырма ретінде айқындалады.
12. Жеңілдік жасалатын бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздарды өткізудің барлық операциясынан алынатын нәтижелердің жалпы сомасы салықтық кезең үшін:
егер мұндай сома оң мәнге ие болса, құн өсімінен түсетін кіріс;
егер мұндай сома нөлдік немесе теріс мәнге ие болса, нөлге тең деп танылады.
13. Жеңілдік жасалатын бағалы қағаздарды өткізу жөніндегі барлық операциядан алынатын нәтижелердің жалпы сомасы салықтық кезең үшін:
егер мұндай сома оң мәнге ие болса және осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 5), 6), 8-1), 15) және 16) тармақшаларына сәйкес ескерілсе, жеңілдік жасалатын бағалы қағаздар құнының өсімінен түсетін кіріс;
егер мұндай сома нөлдік немесе теріс мәнге ие болса, нөлге тең деп танылады.
Осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 5), 6), 8-1), 15) және 16) тармақшаларында, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 6-бабы 7-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздар жеңілдік жасалатын бағалы қағаздар болып табылады.
14. Бағалы қағаздарды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс бағалы қағаздардың түскен күніне байланысты оларды хронологиялық тәртіппен жүйелі түрде есептен шығару жолымен айқындалады.
15. Бағалы қағаздардың бастапқы құны мыналар болып табылады:
1) оларды сатып алу құны, Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің заңнамасына сәйкес брокерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаға бағалы қағаздарды сатып алу жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін комиссиялық сыйақыға арналған шығыстар. Жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздар бойынша сатып алу құны опционды орындау бағасы мен опцион сыйлықақысы мөлшерінде айқындалады;
немесе
2) егер активтерді акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент – заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде, оның ішінде осындай активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын және тараптардың қолымен куәландырылған құжатта көрсетілген, бұрын енгізілгеннің орнына алынған мүліктің құны;
немесе
3) бағалы қағаздар осындай кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған бұрын танылған кірістің немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі көздерден алынған және дара кәсіпкердің декларациясында немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген кірістің сомасы;
немесе
4) бағалы қағаздар кірісті алуға байланысы болмай туындаған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне бағалы қағаз алынған дебиторлық берешек сомасы;
немесе
5) өтеусіз алынған бағалы қағаздардың құны дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген жағдайда – бұрын өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріске енгізілген құн;
немесе
6) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған бағалы қағаздар өткізілген жағдайда – бағалы қағаздың нарықтық құны.
Бағалы қағаздардың бастапқы құны құжатпен расталуға тиіс. Бағалы қағаздардың бастапқы құнын растайтын құжаттар болмаған жағдайда, мұндай құн нөлге тең деп танылады.
Бағалы қағаздар бiрлiгiнiң бастапқы құны оларды өткізу, жарғылық капиталға салым ретiнде беру кезiнде уақыт бойынша алғашқы болып түскен бағалы қағаздардың бастапқы құны бойынша айқындалады.
16. Құқықтары немесе мәмілелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген борыштық бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең.
Эмиссиясы жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген борыштық бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең.
17. Осы баптың 15-тармағының ережелері бастапқы құнды айқындау үшін қолданылмайтын жағдайларда бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең деп танылады.
18. Осы баптың мақсатында, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) бағалы қағаздың нарықтық құны бағалы қағаздардың нарықтық құны болып табылады.
Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.
Ескертпе.
Осы баптың және осы Кодекстің 333-бабының мақсатында заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген, бірақ нақты енгізілген салым мөлшерінен аспайтын құн жарғылық капиталға салым құны болып табылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk-2017/st-331/