Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
383-бап. Жылжымайтын мүлік бойынша құн өсімінен түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Жылжымайтын мүлік бойынша құн өсімінен түсетін кіріс мынадай жылжымайтын мүлікті:
1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрғынжайларды, саяжай құрылыстарын, гараждарды, орынтұрақ орындарын, қоймаларды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін олар меншік құқығында:
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жүргізілген меншік құқығын тіркеу күнінен бастап бір жылдан аз болатын;
2026 жылғы 1 қаңтардан кейін жүргізілген меншік құқығын тіркеу күнінен бастап екі жылдан аз болатын жағдайда;
2) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, гараж салу, орынтұрақ орындары болып табылатын Қазақстан Республикасындағы жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін олар меншік құқығында:
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жүргізілген меншік құқығын тіркеу күнінен бастап бір жылдан аз болатын;
2026 жылғы 1 қаңтардан кейін жүргізілген меншік құқығын тіркеу күнінен бастап екі жылдан аз болатын жағдайда;
3) осы Кодекстің 382-бабының 5 және 6-тармақтарында көрсетілгеннен басқа, Қазақстан Республикасында орналасқан өзге де жылжымайтын мүлікті меншік құқығында болу мерзіміне қарамастан;
4) құқықтары және (немесе) мәмілелері шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жатқызылатын Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан жылжымайтын мүлікті меншік құқығында болу мерзіміне қарамастан өткізу, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беру кезінде пайда болады.
Осы баптың мақсаттары үшін әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзетін кемелер, «өзен-теңізде» жүзетін кемелер, ғарыш объектілері, магистральдық құбырлар жылжымайтын мүлікке жатпайды.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген, ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншік құқығында болатын мүлік бойынша меншік құқығында болу кезеңі мынадай:
неке бұзылған жағдайда сыйға тартылған;
ерлі-зайыптылардың біреуінің құқықтары мұраға қалдырылған жағдайларда осындай мүлікке ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншік құқығын тіркеу күнінен бастап оны өткізу (беру) күніне дейін айқындалады.
2. Мыналар:
1) өткізу кезінде – өткізу бағасы (құны) мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма;
2) мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – жарғылық капиталға салым ретінде берілген құн, бірақ төлем шотына осындай мүлік берілген сомадан аспайтын құн мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма жылжымайтын мүлік бойынша құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Бұл ретте жарғылық капиталға салым ретiнде берiлген мүлiктiң құны осындай мүлiктiң қабылданғанын және берiлгенiн растайтын құжаттың негiзiнде айқындалады.
3. Егер осы баптың 4 – 6-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, құжатпен расталған:
1) осы объектіні сатып алу бағасы (құны);
2) сатып алу күнінен бастап оны өткізу (беру) күніне дейінгі кезеңде функционалдық және (немесе) нысаналы мақсаты өзгергеннен кейін өткізілетін (берілетін) жылжымайтын мүлік объектісін (объектілерін) сатып алу бағасы (құны) жылжымайтын мүлік объектісінің бастапқы құны болып табылады.
4. Өткізудің, жарғылық капиталға берудің мынадай жағдайларында:
1) дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға өзі салған ғимаратты (оның бір бөлігін) өткізген (берген) жағдайда – ғимаратты (оның бір бөлігін) салу үшін жер учаскесін сатып алу бағасы (құны);
2) жеке тұлға Қазақстан Республикасының аумағында өзі салған жеке тұрғын үйді өткізген (берген) жағдайда – меншік құқығы туындаған күнге мүліктің нарықтық құны;
3) сатып алу бағасы (құны) жоқ және заңдастырғаны үшін алым төлеу жөніндегі міндеттеме орындалған, «Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» және «Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен заңдастырған тұлға осы мүлікті өткізген (берген) жағдайларда – өткізілетін мүлікті заңдастырғаны үшін алымды есептеу үшін теңгемен айқындалған құн;
4) жеке тұлғада Қазақстан Республикасында сатып алынған мүлік бойынша оны сатып алу бағасы (құны) туралы құжатпен расталған мәліметтер болмаған басқа жағдайларда – бағалау және (немесе) кадастрлық құны;
5) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жолымен сатып алынған жылжымайтын мүлік өткізілген (берілген) жағдайда – Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың бағасы;
6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті талап ету құқығын басқаға беру нәтижесінде сатып алынған жылжымайтын мүлікті өткізген (берген) жағдайда – жеке тұлға Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын сатып алған құн;
7) өтеусіз алынған мүлікті өткізген (берген) жағдайда – осы баптың 5-тармағына сәйкес айқындалатын құн;
8) акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу нәтижесінде активтерді алған жағдайда – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде алған, оның ішінде осындай активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген, бұрын енгізілгеннің орнына алынған мүліктің құны;
9) мүлік бұрын танылған кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған немесе Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көздерден алынған және кәсіпкерлік қызмет жөніндегі декларацияда немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген осындай кірістің сомасы;
10) жылжымайтын мүлік кіріс алумен байланысы болмай пайда болған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне жылжымайтын мүлік алынған дебиторлық берешек сомасы жылжымайтын мүліктің бастапқы құны болып табылады.
5. Мыналар өтеусіз алынған мүліктің бастапқы құны болып табылады:
1) өтеусіз алынған мүліктің құны дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген жағдайда – өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріске бұрын енгізілген құн;
2) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған мүлік өткізілген (берілген) жағдайда – нарықтық құн;
3) жеке тұлғалардың мүлкіне салық салу объектісі болып табылатын мүлік өткізілген (берілген) жағдайда – бағалау құны;
4) жер учаскесі өткізілген (берілген) жағдайда – кадастрлық (бағалау) құны;
5) барлық басқа жағдайларда – нөлдік құн.
Өтеусіз алынған мүліктің бастапқы құнын айқындау осы тармақтың тармақшаларының орналасу тәртібіндегі реттілікпен жүзеге асырылады.
6. Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің аумағында орналасқан жылжымайтын мүліктің бастапқы құны нөлге тең.
7. Осы баптың 3 – 6-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүліктің бастапқы құнын айқындау үшін қолданылмайтын жағдайда бастапқы құн нөлге тең болып қабылданады.
8. Жылжымайтын мүлік объектісінің бір бөлігін өткізу (беру) кезінде оның бастапқы құны объектінің жалпы алаңындағы объектінің өткізілетін (берілетін) бөлігінің ауданына пропорционалды түрде айқындалады.
9. Осы баптың мақсатында:
1) егер осы тармақшада өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) мүліктің нарықтық құны нарықтық құн болып табылады.
Мұрагерлік түрінде алынған, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан мүліктің нарықтық құны осындай мүлік орналасқан сол бір мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері туралы есепте немесе өзге де құжатта айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) мүліктің нарықтық құны болып табылады.
Бұл ретте нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс;
2) өткізілген (берілген) мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына Мемлекеттік корпорацияның мүлік салығын есептеу үшін айқындалған мүліктің құны бағалау құны болып табылады;
3) мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін Мемлекеттік корпорация айқындаған ең соңғы күндердің біріне:
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күнге;
жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннің алдындағы соңғы күнге келетін кадастрлық құн (бағалау құны) кадастрлық құн (бағалау құны) болып табылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-383/