О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) Күшін жойған Кодекс ·№ 120-VI ·25.12.2017
Акт күшін жойған. Мәтін анықтама үшін берілген және қолданыстағы құқық болып табылмайды. Әр баптың орнына не келгенін қараңыз
Күшін жойған · 01.01.2026 редакциясы

333-бап. Жеке тұлғаның мүлікті (ақшадан басқа) жарғылық капиталға салым ретінде беруі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс

О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) · № 120-VI

1. Жеке тұлғаның мүлікті (ақшадан басқа) жарғылық капиталға салым ретінде беруі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті берген кезде туындайды:
1) меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері;
2) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналасқан, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
3) меншік құқығы туындаған күннен бастап өткізу күніне дейін нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бақ шаруашылығы, гараж салу болып табылатын, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналаспаған, меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
4) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген нысаналы мақсаты бар жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
5) инвестициялық алтын;
6) осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мүлікті қоспағанда, жылжымайтын мүлік;
7) мемлекеттік тіркеуге жататын, бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған механикалық көлік құралдары және (немесе) тіркемелер;
8) қатысу үлестері, сондай-ақ туынды қаржы құралдары (базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы орындалатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда);
9) бағалы қағаздар.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма жеке тұлғаның құн өсімінен түсетін кірісі болып табылады. Осы тармақтың ережелері осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес айқындалатын өтеусіз алынған мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде құн өсімінен түсетін кіріске қолданылмайды.
3. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы сатып алынған жылжымайтын мүлік заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде берілген кезде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бағасы арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
4. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын басқаға беру нәтижесінде сатып алынған жылжымайтын мүлік заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде берілген кезде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен салық төлеуші тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын ғимараттағы үлесті талап ету құқығын сатып алған құн арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
5. Жеке тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетілген, бұрын осы Кодекстің 681-бабының 2-тармағына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түрінде салық салу объектісіне енгізілген немесе бұрын осы Кодекстің 238-бабына сәйкес өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріс айқындалған мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде берген жағдайда, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен өтеусіз алынған мүліктің бұрын кіріске енгізілген құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
6. Жеке тұрғын үйді беретін тұлға салған жеке тұрғын үйді, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген, мұра, сыйға тарту және қайырымдылық көмек түрінде алынған мүлік жарғылық капиталға салым ретінде берілген кезде (осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда) заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен меншік құқығы туындаған күнге жарғылық капиталға салым ретінде берілетін мүліктің нарықтық құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру жүргізілген салықтық кезең үшін кіріс және мүлік туралы декларацияны тапсыруға белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс. Осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
7. Мүлікті жария еткен адам "Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен жария етілген, сатып алу бағасы (құны) болмаған және жария еткені үшін алым төлеу жөніндегі міндеттеме орындалған мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде берген кезде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен берілетін мүлікті жария еткені үшін алымды есептеуге теңгемен айқындалған бағалау құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
8. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайда, осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына сәйкес жарғылық капиталға салым ретінде енгізілген мүліктің меншік құқығы туындаған күнге айқындалған нарықтық құны болмаған кезде не нарықтық құнды айқындаудың осы баптың 6-тармағында белгіленген мерзімі сақталмаған кезде, сондай-ақ осы баптың 6-тармағында көрсетілмеген, мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған басқа да жағдайларда, мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады:
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мүлік бойынша – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген, жарғылық капиталға салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен бағалау құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жарғылық капиталға салым ретінде берілген мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына мүлік салығын есептеу үшін айқындаған құн бағалау құны болып табылады;
2) осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны арасындағы оң айырма. Бұл ретте мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы неғұрлым кеш болатын мынадай күндердің біріне айқындаған құн кадастрлық құн (бағалау құны) болып табылады: жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күн; жер учаскесіне меншік құқығы туындаған күннің алдындағы соңғы күн;
3) осы баптың 1-тармағының 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мүлік бойынша – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына сәйкес жарғылық капиталға салым ретінде енгізілген мүлік бағасы (құны) мөлшерінде. Тұрғын емес үйді (ғимаратты) беретін, дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға салған тұрғын емес үйдің (ғимараттың) мүлкі жарғылық капиталға салым ретінде берілген кезде заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына сәйкес жарғылық капиталға салым ретінде енгізілген осындай мүліктің бағасы (құны) мен осындай тұрғын емес үйді (ғимаратты) салу үшін сатып алынған жер учаскесінің құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын, бұрын тұрғын үйден (ғимараттан) реконструкцияланған тұрғын емес үй (ғимарат) жарғылық капиталға салым ретінде берілген жағдайда, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен оны тұрғын үй (ғимарат) ретінде сатып алу құны арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады.
9. Осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген мүлік жарғылық капиталға салым ретінде берілген кезде мыналар құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады:
1) сатып алу бағасы (құны) болған жағдайда – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құны негізге алына отырып айқындалған мүлік бағасы (құны) мен сатып алу құны арасындағы оң айырма;
2) мүлікті сатып алу бағасы (құны) болмаған жағдайда – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген салым құнының мөлшерінде айқындалған мүлік бағасы (құны).
10. Сенім білдірілген өкіл иеліктен шығару құқығымен механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені басқаруға арналған сенімхат негізінде алынған механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені өткізген, жарғылық капиталға салым ретінде берген жағдайда, жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімге дейін мүліктік кірісті айқындау үшін көлік құралының (тіркеменің) меншік иесіне көлік құралының (тіркеменің) өткізілген, жарғылық капиталға салым ретінде берілген құнын және оның өткізілген, жарғылық капиталға салым ретінде берілген күнін хабарлайды немесе көлік құралы (тіркеме) меншік иесінің атынан жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру және жеке табыс салығын төлеу жөніндегі салықтық міндеттемені орындайды, бұл көлік құралы меншік иесінің салықтық міндеттемесін орындау болып табылады.
11. Бағалы қағаздарды жарғылық капиталына салым ретінде беру кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс:
1) жеңілдік жасалатын бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздарды жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде құн өсімінен түсетін кірістен;
2) жеңілдік жасалатын бағалы қағаздарды жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде құн өсімінен түсетін кірістен тұрады.
12. Бағалы қағаздарды заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беруден алынатын нәтиже оң немесе теріс мәнге ие болуы мүмкін және салықтық кезеңдегі шығып қалудың әрбір операциясы бойынша бағалы қағаздың жарғылық капиталға салым ретінде берілген құны мен оның бастапқы құны арасындағы айырма ретінде айқындалады.
13. Жеңілдік жасалатын бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздарды жарғылық капиталға салым ретінде берудің барлық операциясынан алынған нәтижелердің жалпы сомасы салықтық кезең үшін: егер мұндай сома оң мәнге ие болса, құн өсімінен түсетін кіріс; егер мұндай сома нөлдік немесе теріс мәнге ие болса, нөлге тең деп танылады.
14. Жеңілдік жасалатын бағалы қағаздарды жарғылық капиталға салым ретінде берудің барлық операциясынан алынатын нәтижелердің жалпы сомасы салықтық кезең үшін: егер мұндай сома оң мәнге ие болса және осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 5), 6), 8-1), 15) және 16) тармақшаларына сәйкес ескерілсе, жеңілдік жасалатын бағалы қағаздар құнының өсімінен түсетін кіріс; егер мұндай сома нөлдік немесе теріс мәнге ие болса, нөлге тең деп танылады. Осы Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 5), 6), 8-1), 15) және 16) тармақшаларында, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 6-бабы 7-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздар жеңілдік жасалатын бағалы қағаздар болып табылады.
15. Бағалы қағаздарды жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде құн өсімінен түсетін кіріс бағалы қағаздардың түскен күніне байланысты оларды хронологиялық тәртіппен жүйелі түрде есептен шығару жолымен айқындалады.
16. Бағалы қағаздардың бастапқы құны мыналар болып табылады:
1) оларды сатып алу құны, Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің заңнамасына сәйкес брокерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаға бағалы қағаздарды сатып алу жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін комиссиялық сыйақыға арналған шығыстар. Жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздар бойынша сатып алу құны опционды орындау бағасы мен опцион сыйлықақысы мөлшерінде айқындалады; немесе
2) егер активтерді акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент – заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде алған жағдайда – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде, оның ішінде осындай активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын және тараптардың қолымен куәландырылған құжатта көрсетілген, бұрын енгізілгеннің орнына алынған мүліктің құны; немесе
3) бағалы қағаздар осындай кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған бұрын танылған кірістің немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі көздерден алынған және дара кәсіпкердің декларациясында немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген кірістің сомасы; немесе
4) бағалы қағаздар кірісті алуға байланысы болмай туындаған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне бағалы қағаз алынған дебиторлық берешек сомасы; немесе
5) өтеусіз алынған бағалы қағаздардың құны дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген жағдайда – бұрын өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріске енгізілген құн; немесе
6) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған бағалы қағаздар берілген жағдайда – бағалы қағаздың нарықтық құны. Бағалы қағаздардың бастапқы құны құжатпен расталуға тиіс. Бағалы қағаздардың бастапқы құнын растайтын құжаттар болмаған жағдайда, мұндай құн нөлге тең деп танылады. Бағалы қағаздар бiрлiгiнiң бастапқы құны оларды өткізу, жарғылық капиталға салым ретiнде беру кезiнде уақыт бойынша алғашқы болып түскен бағалы қағаздардың бастапқы құны бойынша айқындалады.
17. Құқықтары немесе мәмілелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген борыштық бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең. Эмиссиясы жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген борыштық бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең.
18. Осы баптың 16-тармағының ережелері бастапқы құнды айқындау үшін қолданылмайтын жағдайларда бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең деп танылады.
19. Осы баптың мақсатында, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге берілетін бағалы қағаздың нарықтық құны нарықтық құн болып табылады. Бағалы қағаз тіркелген мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері туралы есепте немесе өзге құжатта айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге берілетін бағалы қағаздың нарықтық құны Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тіркелген, мұрагерлік түрінде алынған берілетін осы бағалы қағаздың нарықтық құны болып табылады Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік берілген салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk-2017/st-333/