Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
111-бап. Бақылау-касса машинасын қолдану
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Бақылау-касса машинасын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) ақшалай есеп айырысуларға байланысты қызмет басталғанға дейін бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою жүзеге асырылады;
2) өткізілген тауар, орындалған жұмыс, көрсетiлген қызмет үшін төленген сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады;
3) бақылау-касса машинасына салық органдары лауазымды адамдарының қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.
2. Бақылау-касса машинасын қолдану:
1) бақылау-касса машинасының моделін кассалық машиналар тізіліміне енгізуді;
2) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қоюды;
3) бақылау-касса машинасы чегінің мазмұнына қойылатын талаптарды сақтауды;
4) бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасындағы мәліметтерді өзгертуді;
5) салық органында бақылау-касса машинасын есептен шығаруды;
6) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарынан мәліметтерді қабылдауды, сақтауды, сондай-ақ оларды салық органдарына беруді көздейді.
Бақылау-касса машинасын қолдану тәртібін және бақылау-касса машинасы чегінің мазмұнына қойылатын талаптардың тізбесін уәкілетті орган белгілейді.
3. Техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары пайдаланылатын жерiндегі салық органдарына есепке қоюға жатады.
Бақылау-касса машинасын есепке қоюды, тіркеу карточкасының мәліметтерін өзгертуді және бақылау-касса машинасын есептен шығаруды салық органы мынадай негіздердің бірі:
1) деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасы бойынша – фискалдық деректер операторының мәліметтері;
2) деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасы бойынша – бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш бойынша жүзеге асырады.
4. Бақылау-касса машинасын салық органында есептен шығару:
1) сауда операциялары, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүргізілетін ақшалай есеп айырысуларға байланысты қызметті жүзеге асыру тоқтатылған;
2) салық төлеуші таратылған, қайта ұйымдастырылған және оның қызметі тоқтатылған;
3) бақылау-касса машинасын техникалық ақауының болуына байланысты одан әрі қолдану мүмкін болмаған;
4) бақылау-касса машинасы кассалық машиналар тізілімінен алып тасталған;
5) бақылау-касса машинасының техникалық ақауы жоқ моделі бақылау-касса машинасының жаңа моделіне ауыстырылған;
6) бақылау-касса машинасы ұрланған, жоғалған жағдайларда, ұрланғаны туралы ішкі істер органдарында арыздың көшірмесі және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланған жоғалғаны туралы хабарландырудың көшірмесі болған кезде жүргізіледі.
5. Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша:
1) фискалдық деректердің әлеуетті операторына қойылатын біліктілік талаптарын;
2) фискалдық деректер операторын тізбеге енгізу және тізбеден шығару тәртібін;
3) фискалдық деректер операторларының тізбесін белгілейді.
6. Уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен және Ұлттық Банкпен келісу бойынша:
1) үш құрауышты интеграцияланған жүйеге және оны есепке алуға қойылатын талаптарды;
2) оны орнату және қолдану тәртібін белгілейді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-111/