Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
131-бап. Дипломатиялық өкілдіктерге және олардың персоналына
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 436. Возврат налога на добавленную стоимость
· толық сәйкестік кестесі
салықты қайтару
1. Мыналарға:
1) дипломатиялық өкілдіктерге;
2) бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық, әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдарға, бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдарға, консулдық қызметшілерге (бұдан әрі осы баптың мақсатында – персонал) Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін салық қайтарылуға жатады, бұл ретте осындай қайтару халықаралық шарттарда немесе салық бойынша жеңілдіктер беру кезінде өзаралық қағидатын растайтын құжаттарда көзделуге тиіс.
Салықты қайтаруды Сыртқы істер министрлігі бекіткен тізбеге енгізілген дипломатиялық өкілдіктердің тұрған жері бойынша салық органы жүзеге асырады.
2. Кейбір дипломатиялық өкілдіктерге қатысты өзаралық қағидаты негізге алынып, салықты қайтару мөлшері мен шарттары бойынша шектеулер белгіленуі мүмкін.
Салықты қайтару бойынша шектеулер белгіленетін дипломатиялық өкілдіктердің тізбесін уәкілетті органмен келісу бойынша Сыртқы істер министрлігі бекітеді.
3. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, өкілдіктерге салықты қайтару әрбір жеке шот-фактурада және ақы төлеу фактісін растайтын құжаттарда, салықты қоса алғанда, сатып алынған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің сомасы, шот-фактураны жазып беру күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 8 еселенген мөлшерін құрайтын немесе одан асып кететін жағдайларда жүргізіледі.
Осы тармақта белгіленген шектеулер байланыс, электр энергиясы, су, газ және өзге де коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін төлемақыға қолданылмайды.
4. Салық органдары есепті тоқсанда сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары (тізілімдері) (бұдан әрі осы баптың мақсатында – дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары) және шот-фактуралар мен салықтың төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелері (бұдан әрі осы баптың мақсатында – растайтын құжаттар) негізінде салықты қайтаруды жүзеге асырады.
Дипломатиялық өкілдік персоналының отбасы мүшелеріне қатысты Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу құжаттарының көшірмелері қосымша ұсынылады.
Дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостарын дипломатиялық өкілдіктер тоқсан сайын жасайды, оған дипломатиялық өкілдіктің басшысы не соған уәкілеттік берілген өзге де лауазымды адамы қол қояды және қағаз жеткізгіште жасалған кезде мөрмен куәландырылады.
Дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомосының нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары және растайтын құжаттар, дипломатиялық өкілдік персоналының отбасы мүшесінің (мүшелерінің) Қазақстан Республикасында болу мерзімі аяқталған жағдайларды қоспағанда, есепті тоқсаннан кейінгі айдың ішінде Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымына беріледі.
5. Өзаралық қағидаты расталғаннан кейін Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымы дипломатиялық өкілдіктердің тұрған жері бойынша салық органына ілеспе құжатпен бірге дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостарын және растайтын құжаттарды ұсынады.
Дипломатиялық өкілдіктер салық органдарына құжаттарды қазақ және (немесе) орыс тілдерінде ұсынады.
Шет тілдерінде жасалған жекелеген құжаттар болған кезде дипломатиялық өкілдіктің мөрімен куәландырылған қазақ және (немесе) орыс тілдеріне аудармасы ұсынылады.
6. Өкілдіктерге салықты қайтаруды салық органы дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостары мен растайтын құжаттарды алған күннен кейінгі отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
7. Дипломатиялық өкілдік ұсынған құжаттарда бұзушылықтар анықталған, оның ішінде салық сомалары бөлек жолмен бөліп көрсетілмеген кезде салық органы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге қарсы салықтық тексеруді жүзеге асырады.
8. Салық органдары дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомостарын, растайтын құжаттарды тексергеннен кейін және тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге қарсы салықтық тексеру жүргізгеннен кейін Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымына салық сомаларын қайтару және (немесе) қайтарудан бас тарту туралы хабарлайды.
Салық сомаларын қайтарудан бас тартылған кезде салық органдары қандай бұзушылықтар бар екенін және қандай құжаттар бойынша оларға жол берілгенін хабарлайды.
9. Егер осы баптың 6-тармағында белгіленген қайтару мерзімі ішінде қарсы салықтық тексеруді жүргізу барысында анықталған бұзушылықтар жойылмаса, салықты қайтару бұзушылықтар анықталмаған не жойылған сомалар шегінде жүргізіледі.
Егер бұзушылықтар қарсы салықтық тексеру аяқталғаннан кейін жойылса, салықты қайтару дипломатиялық өкілдіктің ұсынылған қосымша жиынтық ведомосы және растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі.
10. Тауарлар сатып алынған, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген тоқсанда қайтаруға ұсынылмаған салық сомасын дипломатиялық өкілдіктің жиынтық ведомосы және растайтын құжаттар негізінде дипломатиялық өкілдіктер қайтаруға ұсынуы мүмкін.
11. Салықты қайтаруды салық органы дипломатиялық өкілдіктердің және (немесе) дипломатиялық өкілдіктер персоналының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының банк ұйымдарында ашылған тиісті шоттарына жүргізеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-131/