Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
140-бап. Автоматтандырылған бақылауды жүргізу тәртібі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Автоматтандырылған бақылау барысында салық органының ақпараттық жүйесінде салықтық есеп-қисап жүргізіледі.
Салықтық есеп-қисап мынадай формула бойынша жүргізіледі:
Б = ҚҚС1+ҚҚС2+ҚҚС3+ҚҚС4-ҚҚС5-ҚҚС6, мұндағы:
Б – салықтың баланстық сомасы;
ҚҚС1 – салық төлеуші алған электрондық шот-фактураларда көрсетілген салықтың жалпы сомасы;
ҚҚС2 – ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес импорт кезінде төленген салықтың жалпы сомасы;
ҚҚС3 – бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде төленген салықтың жалпы сомасы;
ҚҚС4 – салық бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге дейін салық төлеуші сатып алған, жасаған, салған тауарлар бойынша есепке жатқызылатын салықтың жалпы сомасы;
ҚҚС5 – салық төлеуші жазып берген электрондық шот-фактураларда көрсетілген салықтың жалпы сомасы;
ҚҚС6 – тауарлар қалдығы түрінде айналымдар жөніндегі салық бойынша тіркеу есебінен алу кезінде есепке жазылған салықтың жалпы сомасы.
Салықтық есеп-қисап нәтижелері салық органының ақпараттық жүйесінде және салық шотында көрсетіледі.
2. Салықтық есеп-қисап қорытындысы бойынша, егер электрондық шот-фактурада көрсетілген салық сомасы салықтың баланстық сомасынан аспаса, онда мұндай электрондық шот-фактураға тіркеу нөмірі автоматты түрде беріледі.
Тіркеу нөмірі берілмеген электрондық шот-фактура жазып берілмеген болып есептеледі.
Салық төлеуші салықтың баланстық сомасын ұлғайту үшін салық шотын өзінің ақшасымен толықтыруға құқылы.
3. Электрондық шот-фактураны жазып беру үшін пайдаланылмаған ақша салық төлеушінің банктік шотына оның қаражатты қайтару туралы өтініші бойынша бір жұмыс күні ішінде қайтарылуға жатады.
Қайтаруға мәлімделмеген ақша келесі салықтық кезеңнің электрондық шот-фактураларын жазып беруді қамтамасыз ету есебіне пайдаланылады.
4. Есепті салықтық кезеңнің қорытындылары бойынша электрондық шот-фактураны жазып беру үшін пайдаланылған қаражат салық төлеу есебіне есепке жатқызылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-140/