Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
142-бап. Салыстырмалы бақылауды жүргізу
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Жүргізілген салыстырмалы бақылау нәтижелері бойынша салық органы іс жүзінде жасалғанына күмән келтіретін тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөніндегі операциялар анықталған жағдайда, осындай өткізу жөнінде айналым жасаған салық төлеушіге тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөніндегі айналымның іс жүзінде жасалғанын растау туралы хабарлама (бұдан әрі осы баптың мақсатында – хабарлама) ұсынылады.
2. Салық төлеуші хабарламаны:
1) хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша айналым жасау фактісінің болмауымен келіскен жағдайда, осындай электрондық шот-фактураларды кері қайтарып алу және оларды кері қайтарып алу туралы түсінік беру арқылы;
2) хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша айналым жасау фактісінің болмауымен келіспеген жағдайда, операциялар (мәмілелер) және (немесе) тауарлардың шығу тегі бойынша құжаттардың, сондай-ақ іс жүзінде жұмыстардың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін растайтын кез келген басқа құжаттардың көшірмелерін міндетті түрде қоса бере отырып, айналымның іс жүзінде жасалғанын растайтын негіздемемен түсінік (бұдан әрі осы баптың мақсатында – түсінік) беру арқылы орындайды.
3. Түсінік еркін нысанда ұсынылады және мыналарды:
1) салық төлеушінің және хабарламаны ұсынған салық органының сәйкестендіру деректерін;
2) хабарламаның күні мен нөмірін;
3) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес келіспеу негіздемесін қамтуға тиіс.
Салық төлеуші түсінікке өз дәлелдерін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса беруге құқылы.
Салық органының хабарламада көрсетілген бұзушылықтарға қатысы жоқ құжаттарды талап етіп алдыруына жол берілмейді.
4. Егер ұсынылған түсінік хабарламада көрсетілген электрондық шот-фактуралар бойынша тауарлардың шығу тегін, іс жүзінде жұмыстардың орындалуын, қызметтердің көрсетілуін растамаса, хабарлама орындалмады деп танылады.
5. Салық органы түсінік келіп түскен күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешім шығарады.
Хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешім (бұдан әрі осы баптың мақсатында – шешім) шығарылған күнінен кейінгі екі жұмыс күні ішінде салық төлеушіге ұсынылады.
6. Салық органы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұрады.
7. Салық төлеуші хабарламаны орындамаған кезде салық органы осындай хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде:
1) салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарады;
2) электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін тоқтата тұрады.
8. Осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген қамтамасыз ету тәсілдері, егер көрсетілген тармақтарда өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 5-тарауының 4-параграфында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қолданылады.
9. Электрондық шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрған салық төлеушілер туралы мәліметтер электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
10. Салық органы хабарламасы орындалмады деп танылған немесе хабарламаны орындамаған салық төлеушінің контрагенттеріне хабарламада көрсетілген өзара есеп айырысулар бойынша хабархат жібереді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-142/