НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

146-бап. Деңгейлес мониторинг

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Деңгейлес мониторинг – уәкілетті органның деңгейлес мониторингке қатысушымен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы арқылы жүзеге асырылатын салықтық мониторинг түрі, ол:
1) өзара сенімге негізделеді;
2) салықтық тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталады;
3) деңгейлес мониторингке қатысушының қызметін оның кәсіпкерлік қызметіне араласпай зерделеу мен талдаудан және деңгейлес мониторинг нәтижелері бойынша мынадай: салықтық міндеттемені орындау мәселелері жөнінде ұсыным (бұдан әрі – салықтық міндеттемені орындау мәселелері жөніндегі ұсыным); салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесін жақсарту жөнінде ұсыным (бұдан әрі – салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесін жақсарту жөніндегі ұсыным) беруден тұрады;
4) деңгейлес мониторингке қатысушының алдын ала түсіндірмелер алуына мүмкіндік береді.
2. Ақпараттық өзара іс-қимыл деректер сөресін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Деректер сөресі – деңгейлес мониторинг шеңберінде уәкілетті орган мен салық төлеуші арасында кеңейтілген ақпараттық өзара іс-қимыл жүзеге асырылатын ақпараттық жүйе. Деректер сөресі салықтық, бухгалтерлік есепке алудың және есепке алудың өзге де түрлерінің ақпараттары мен құжаттарын, бастапқы құжаттарды, сондай-ақ салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі бойынша деңгейлес мониторингке қатысушының есептерін орналастыру арқылы ақпарат пен құжаттармен алмасуға, салықтық есептіліктің деректерін ашып көрсетуге арналған. Деңгейлес мониторингке кіру үшін салық төлеушінің деректер сөресін ұйымдастыру жөніндегі ең төменгі талаптарды уәкілетті орган бекітеді. Салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі салықтық міндеттеменің дұрыс есептелуіне қол жеткізу мақсатында салықтық, бухгалтерлік, өндірістік есепке алудың және өзге де есепке алу түрлерінің анықтығын қамтамасыз ету үшін салық төлеуші өзінің бизнес-процестерінде қолданатын қағидалардың, саясат пен ұйымдастыру шараларының жиынтығын қамтиды. Салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі жөніндегі ақпарат пен есептерге қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді. Ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру тәртібі деңгейлес мониторинг туралы келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ақпараттық өзара іс-қимыл регламентінде белгіленеді. Ақпараттық өзара іс-қимыл регламентінде уәкілетті органға бухгалтерлік және (немесе) салықтық есепке алуларды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету деректерін қарауға қашықтан қолжетімділік беру тәртібі мен мерзімдері де айқындалады.
3. Деңгейлес мониторингке қатысушы мынадай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер:
1) корпоративтік табыс салығы;
2) қосылған құн салығы;
3) жеке табыс салығы;
4) әлеуметтік салық;
5) мүлік салығы;
6) жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;
7) акциз бойынша ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің көрсетілген тізбесі түбегейлі болмайды және деңгейлес мониторинг туралы келісімде кеңейтілуі мүмкін.
4. Ақпараттық өзара іс-қимыл жүзеге асырылмайтын салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық бақылау жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-146/