НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

148-бап. Деңгейлес мониторингті жүргізу тәртібі

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

бойынша жалпы ережелер
1. Деңгейлес мониторингті жүзеге асыру деңгейлес мониторинг туралы келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың бірінші қаңтарынан басталады. Деңгейлес мониторинг жүргізілетін күнтізбелік жыл есепті кезең болып табылады (бұдан әрі осы параграфтың мақсатында – мониторингтің есепті кезеңі).
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, мониторингтің есепті кезеңінде деңгейлес мониторинг көрсетілген кезең ішінде де, ол аяқталғаннан кейін де жүргізіледі, бірақ ол мониторингтің тиісті есепті кезеңі аяқталған жылдан кейінгі екінші жылдың 30 маусымынан кешіктірілмеуге тиіс. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталған соң мониторингтің есепті кезеңіне қатысты деңгейлес мониторинг тоқтатылады. Деңгейлес мониторинг жүргізуді тоқтатқанға дейін үш айдан аз уақытта деңгейлес мониторингтің есепті кезеңіне кіретін салықтық кезеңдер үшін деңгейлес мониторингке қатысушы қосымша салықтық есептілікті ұсынған жағдайда, деңгейлес мониторинг ұзартылады, бірақ ол күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.
3. Уәкілетті орган:
1) деңгейлес мониторингке қатысушы мониторингтің көрсетілген есепті кезеңіне кіретін салықтық кезеңдер үшін қосымша салықтық есептілік ұсынған;
2) деңгейлес мониторингті жүргізу кезеңінде уәкілетті орган жіберген сұрау салуларға жауаптар алынған;
3) құжаттамамен расталған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын болжамды бұзушылықтарды көрсететін деңгейлес мониторингке қатысушының қызметі туралы мәліметтерді алған кезде деңгейлес мониторингті жүргізу тоқтатылған мониторингтің есепті кезеңінде күнтізбелік жүз жиырма күннен аспайтын мерзімге деңгейлес мониторинг жүргізуді қайта бастауға құқылы. Деңгейлес мониторинг осы тармақта көзделген құжаттар мен мәліметтерде көрсетілген мәселелер шеңберінде қайта басталады.
4. Деңгейлес мониторингті уәкілетті орган:
1) деректер сөресінде орналастырылған ақпараттар мен құжаттарды, салықтық, бухгалтерлік есепке алуды және өзге де есепке алу түрлерін, бастапқы құжаттарды талдау;
2) мониторингтің есепті кезеңінде салық салу саласындағы ішкі бақылау жүйесі бойынша деңгейлес мониторингке қатысушының есептері;
3) салық органдарында бар деңгейлес мониторингке қатысушының қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтер негізінде жүргізеді. Уәкілетті орган мониторингтің есепті кезеңінде салықтық есепке алудың дұрыстығын анықтау және салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында, талдау үшін қажет етілетін қосымша ақпарат пен құжаттарды сұратуға құқылы.
5. Деңгейлес мониторингті жүргізу барысында уәкілетті орган мен деңгейлес мониторингке қатысушы арасында туындайтын келіспеушіліктерді реттеу мақсатында уәкілетті орган Консультативтік кеңес құрады. Консультативтік кеңес:
1) хаттамада көрсетілген деңгейлес мониторингке қатысушымен келіспеушіліктер;
2) деңгейлес мониторинг туралы келісімді бұзу мәселелерін қарайды. Мәселелерді қараудың қорытындысы бойынша Консультативтік кеңес уәжді шешім шығарады. Деңгейлес мониторинг туралы келісімді бұзу туралы уәжді шешім деңгейлес мониторингті жүргізу тәртібінде айқындалған және осы Кодекстің 149-бабы 6-тармағының үшінші абзацында белгіленген жағдайларда қабылданады. Консультативтік кеңестің құрамын және оның қызметі туралы ережені уәкілетті орган айқындайды. Бұл ретте Консультативтік кеңестің құрамына уәкілетті органның және деңгейлес мониторингке қатысушының өкілдері кіреді.
6. Деңгейлес мониторингті жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-148/