НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

181-бап. Салықтық зерттеп-қарау

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Салықтық зерттеп-қарау – салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау мақсатында салық органы жүзеге асыратын іс-шара. Салықтық зерттеп-қарау салық төлеушінің (салық агентінің) тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша жұмыс уақытында жүргізіледі. Салықтық зерттеп-қарауды жүргізуге қатысу үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен куәгерлер тартылады.
2. Салықтық зерттеп-қарауды жүргізу үшін:
1) салық төлеушіге (салық агентіне) нұсқаманы, салықтық тексерудің алдын ала актісін, салықтық тексеру актісін, мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді және (немесе) билік етуі шектелген мүлік тізімдемесінің актісін табыс етудің мүмкін болмауы;
2) адресаттың тіркеу деректерінде көрсетілген тұрған жері бойынша болмауына, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері мен электрондық пошта мекенжайлары туралы деректердің болмауына немесе ұсынылған деректер бойынша кері байланыстың болмауына орай табыс етілуінің мүмкін еместігі туралы белгі қойылған пошта хат-хабарының қайтарылуына байланысты, салық төлеушінің (салық агентінің) іс жүзінде бар немесе жоқ екенін растау қажеттілігі негіз болып табылады.
3. Салықтық зерттеп-қараудың жүргізілетіні туралы салық төлеушіге (салық агентіне) (басшысына) веб-қосымша немесе веб-портал арқылы күні бұрын, бірақ салықтық зерттеп-қарау жүргізілгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарланады.
4. Салықтық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жері бойынша болмау фактісі анықталған кезде салықтық зерттеп-қарау актісі жасалады. Салықтық зерттеп-қарау актісіне оны жасаған салық органының лауазымды адамы, сондай-ақ куәгерлер қол қояды. Әрекет жасалған кезде орындалған фотографиялық түсірілімдер мен негативтер, бейнежазбалар немесе басқа да материалдар актіге қоса тігілуі мүмкін. Салықтық зерттеп-қарау актісінің көшірмесі салық төлеушіге (салық агентіне) оның сұрау салуы бойынша веб-қосымша арқылы ұсынылады.
5. Салық органы салықтық зерттеп-қарау актісі жасалған күннен кейінгі күннен кешіктірмей:
1) уәкілетті органның интернет-ресурсында салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді сәйкестендіру нөмірін, тегін, атын және әкесінің атын немесе атауын, салықтық зерттеп-қарауды жүргізу күнін көрсете отырып орналастырады;
2) салық төлеушінің тұрған жерін (болмауын) растау туралы хабарламаны (бұдан әрі осы баптың мақсатында – хабарлама) салық төлеушіге (салық агентіне) жібереді.
6. Салық төлеуші (салық агенті) хабарламаны салық органына өзі келу тәртібімен:
1) салықтық зерттеп-қарау кезінде болмау себептері туралы түсінікті;
2) жылжымайтын мүлікке құқықтылығына қарай салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жерін растайтын құжатты: жылжымайтын мүлікке меншік құқығын немесе оны пайдалану құқығын растайтын (кемінде бір жыл мерзімге) құжаттың көшірмесін; пайдалану құқығын растайтын (бір жылдан аз мерзімге) құжаттың көшірмесін, ұсынғанға дейін кемінде он жұмыс күні бұрын салыстырып тексеру үшін көрсетілген құжаттың түпнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшірмесін ұсына отырып; тұрған жері ретінде мәлімделген жылжымайтын мүлік меншік құқығында болатын жеке тұлғаның нотариат куәландырған келісімін ұсыну арқылы орындауға тиіс.
7. Хабарлама осы бапта белгіленген мерзімде орындалмаған кезде салық органы хабарламаны орындау мерзімі өткеннен кейінгі келесі жұмыс күні электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін тоқтата тұрады. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген қамтамасыз ету тәсілі, егер көрсетілген бөлікте өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 5-тарауының 4-параграфында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-181/