НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

189-бап. Заңды тұлғаның, заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның), сондай-ақ дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу
1. Заңды тұлғаның, заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның), сондай-ақ дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеуді (бұдан әрі – шығуды уақытша шектеу) салық органы шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығару арқылы қолданады. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешегінің шекті мөлшерінен асатын сомадағы салықтық берешегін осындай берешек пайда болған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтемеген жағдайда және осындай салық төлеушіге (салық агентіне) көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану талабымен, шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығарылады. Шығуды уақытша шектеу туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
2. Шығуы уақытша шектелуге жататын адам салық органы шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығарған күнде заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі басшысының (бұдан әрі осы баптың мақсатында – бірінші басшы) міндетін кімнің атқаратындығына байланысты айқындалады.
3. Өзіне қатысты шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығарылған және сотқа жіберілген бірінші басшыны алмастыратын адам бірінші басшының міндетін атқаруды мұндай қаулы санкцияланған кезге дейін тоқтатқан жағдайларда, салық органы бірінші басшы өз міндеттеріне кіріскен күннен кейінгі бір күн ішінде сотқа аталған адамға қатысты шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыны ұсынады. Шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады. Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыны сотқа ұсынуды салық органы бірінші басшының шығуын уақытша шектеу туралы қаулыны ұсынумен бір мезгілде жүзеге асырады.
4. Шығуы уақытша шектелген адамның емін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде жүргізу қажет болған кезде мұндай қажеттілікті құжаттамамен растау шартымен, шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы қаулымен шығуды уақытша шектеу белгілі бір мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін. Шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
5. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, шығуды уақытша шектеудің күшін жоюды салық органы:
1) салықтық берешек өтелген және (немесе) салықтық берешектің жоқтығы анықталған;
2) салықтық міндеттеме тоқтатылған бір жұмыс күні ішінде шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулы шығару арқылы жүзеге асырады. Шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
6. Шығуды уақытша шектеу туралы, шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы және (немесе) шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулылар салық органының ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Шығуды уақытша шектеу туралы, шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы және (немесе) шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулылар дереу орындалуға тиіс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-189/