Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
197-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Уәкілетті орган салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау үшін апелляциялық комиссия құрады.
Апелляциялық комиссияның құрамы мен ережесін уәкілетті орган айқындайды.
Уәкілетті орган шағымды қарау аяқталғаннан кейін апелляциялық комиссияның шешімін ескере отырып, уәжді шешім шығарады.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қараудың қорытындылары бойынша уәкілетті орган мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) шағым жасалып отырған салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама – өзгеріссіз, ал шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын;
2) шағым жасалып отырған салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның толық немесе бір бөлігінің күші жойылсын.
3. Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімінде мыналар:
1) шешім қабылданған күн;
2) шағымды қараған уәкілетті органның атауы;
3) шағым берген салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты және әкесінің аты не толық атауы;
4) шағым берген салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру нөмірі;
5) шағым жасалатын салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның қысқаша мазмұны;
6) шағымның мәні;
7) уәкілетті орган шағым бойынша шешім шығарған кезде басшылыққа алған, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтеме жасалған негіздеме;
8) қабылданған шешім көрсетіледі.
Бұл ретте осы Кодексте белгіленген, уәкілетті органның салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау тәртібінің ерекшеліктерін ескере отырып, шағым бойынша алдын ала шешім шығару талап етілмейді.
4. Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі – шағым берген тұлғаға, ал көшірмесі салықтық тексеруді жүргізген салық органына жіберіледі немесе табыс етіледі.
5. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағым жасалып отырған хабарламаның бір бөлігінің күші жойылған жағдайда, салықтық тексеру жүргізген салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қараудың қорытындылары туралы хабарлама шығарады және осы Кодекстің 83-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімде салық төлеушіге (салық агентіне) жібереді.
6. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қараудың нәтижелері бойынша уәкілетті органның шешімі салық органдарының орындауы үшін міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-197/