Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
263-бап. Сыйақы бойынша шегерім
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 246. Вычет по вознаграждению
· толық сәйкестік кестесі
1. Осы баптың мақсаттары үшін мыналар сыйақылар болып танылады:
1) осы Кодекстің 12-бабында айқындалған сыйақылар;
2) өзара байланысты тараптар арасындағы кредит (қарыз) шарты бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
3) өзара байланысты тарапқа берілетін кепілдік үшін төлемақы.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, шегерімге жатқызылуға жататын сыйақы сомасы есепке жазу әдісі бойынша айқындалады.
3. Осы тармақтың екінші бөлігінде аталған тұлғаға міндеттемелер бойынша сыйақылар салық төлеуші немесе үшінші тұлға осындай салық төлеушінің міндеттемелері есебіне іс жүзінде төлеген:
1) есепті салықтық кезеңде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде және (немесе) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде таныған шығыстар сомасы шегіндегі;
2) есепті салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңдерде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде таныған шығыстар сомасы шегіндегі мөлшерде шегерімге жатқызылуға жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері мынадай тұлғалар:
акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұлттық даму институты болып табылатын банкті қоспағанда, екінші деңгейдегі банктер;
«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (ломбардты қоспағанда);
кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша талап ету құқығына ие болған, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген салық төлеушілер алдындағы міндеттемелер бойынша сыйақыға қатысты қолданылады.
4. Сыйақыны шегеру осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген ережелер ескеріле отырып, мынадай формула бойынша есептелетін сома шегінде жүргізіледі:
(А+Д)+(КС/МС) х (ШК) х (Б+В+Г),
мұнда:
А – Б, В, Г, Д көрсеткіштеріне енгізілген сомаларды қоспағанда, сыйақы сомасы;
Б – Д көрсеткішіне енгізілген сомаларды қоспағанда, өзара байланысты тарапқа осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;
В – Б көрсеткішіне енгізілген сомаларды қоспағанда, жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаларға осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;
Г – В көрсеткішіне енгізілген сомаларды қоспағанда, осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, Г1 және Г2 көрсеткіштерінің сомасы;
Г1 – өзара байланысты тараптың депозитімен берілген қарыздар бойынша тәуелсіз тарапқа төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;
Г2 – есепті салықтық кезеңде өзара байланысты тарап кепілдік, кепілгерлік немесе өзге қамтамасыз ету нысаны бойынша міндеттемелерді орындаған (қарыз бойынша төлемдерді жүзеге асырған) жағдайда, өзара байланысты тараптардың қамтамасыз етілген кепілдігімен, кепілгерлігімен немесе өзге қамтамасыз ету нысанымен берілген қарыздар бойынша тәуелсіз тарапқа төленген (төленуге жататын) сыйақы сомасы;
Д – мынадай:
Қазақстан Республикасында құрылған кредиттік серіктестік, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұлттық даму институты болып табылатын банк беретін кредиттер (қарыздар) үшін;
ұстаушысы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болып табылатын борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт не купон (борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтты не бастапқы орналастыру құнынан және (немесе) сатып алу құнынан алынатын сыйлықақыны ескере отырып) түріндегі сыйақы сомасы;
ШК – шекті коэффициент;
КС – меншікті капиталдың орташа жылдық сомасы;
МС – міндеттемелердің орташа жылдық сомасы.
А, Б, В, Г, Д сомаларын есептеу кезінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес құрылыс объектісінің құнына енгізілетін сыйақылар алып тасталады. Өзара байланысты болып табылмайтын тарап осы баптың мақсаттары үшін тәуелсіз тарап деп танылады.
5. Осы баптың 4-тармағының мақсаттары үшін:
1) меншікті капиталдың орташа жылдық сомасы меншікті капиталдың есепті салықтық кезеңнің әрбір айының соңындағы орташа арифметикалық сомасына тең. Меншікті капиталдың орташа жылдық сомасының теріс мәні осы баптың мақсаттары үшін нөлге тең деп танылады;
2) міндеттемелердің орташа жылдық сомасы міндеттемелердің есепті салықтық кезеңнің әрбір айындағы орташа арифметикалық ең үлкен сомаға тең. Міндеттемелердің орташа жылдық сомасын есептеу кезінде мыналар:
салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер;
жұмыскерлердің жалақысы және өзге де кірістері;
өзара байланысты тараптан алынатын кірістерді қоспағанда, болашақ кезеңдердің кірістері;
сыйақылар мен комиссиялар;
дивидендтер;
бухгалтерлік есепке алуда халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке жазылған бағалау міндеттемелері бойынша есепке жазылған міндеттемелер есепке алынбайды;
3) шекті коэффициент қаржы ұйымдары (микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда) үшін – 7-ге, өзге заңды тұлғалар үшін, оның ішінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін 4-ке тең.
6. Бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің меншікті капиталының сомасы осы баптың 4-тармағының мақсаттары үшін осындай тұрақты мекеменің активтері мен міндеттемелері арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің меншікті капиталының сомасы осы тармақтың қолданылу мақсаттары үшін осы тұрақты мекеме оқшауландырылған және жеке заңды тұлға болғандай және өзі тұрақты мекемесі болып табылатын бейрезидент-заңды тұлғадан тәуелсіз әрекет ететіндей түрде қарастырылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-263/