Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
267-бап. Күмәнді талаптар бойынша шегерім
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 248. Вычет по сомнительным требованиям
· толық сәйкестік кестесі
1. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе:
1) үш жылдық кезең ішінде қанағаттандырылмаған, резидент-заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті заңды тұлғаның тұрақты мекемесі, құрылымдық бөлімшесі арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаларға тауарлар өткізуге, жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты туындаған;
2) үш жылдық кезең ішінде қанағаттандырылмаған, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымның талап ету құқықтары бойынша, банктік кредит (қарыз) шарттары және микрокредиттер беру туралы шарттар бойынша заңды күшіне енген сот шешімі негізінде айыппұлдар мен өсімпұлдарды жылдық жиынтық кірістің құрамына енгізуге байланысты талаптар күмәнді талаптар болып танылады.
2. Мыналарды:
1) тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асырған және осындай талап ету құқығын басқаға бермеген;
2) тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асырған және осындай талап ету құқығын басқаға берген;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген тұлғадан өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша талап ету құқығын сатып алуды;
4) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйымның талап ету құқықтары бойынша, банктік кредит (қарыз) шарттары және микрокредиттер беру туралы шарттар бойынша заңды күшіне енген сот актісі негізінде айыппұлдар мен өсімпұлдарды жылдық жиынтық кіріс құрамына енгізуді жүзеге асырған тұлғада күмәнді талаптар шегерімге жатады.
3. Мыналарда:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында айқындалған тұлғада – өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын, сондай-ақ тауарларды осындай өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты туындаған басқа да талаптар сомасын, оның ішінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдың) сомасын қамтитын, бірақ бұрын танылған кіріс мөлшерінен аспайтын мөлшерде;
2) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында айқындалған тұлғада – талап сомасы мен басқаға беру жүргізілген талап ету құқығының құны арасындағы оң айырма мөлшерінде күмәндi талаптар шегерiмге жатады. Бұл ретте талап сомасы өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын және тауарларды осындай өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты туындаған басқа да талаптар сомасын, оның ішінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдың) сомасын қамтиды, бірақ бұрын танылған кіріс мөлшерінен аспайды;
3) осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында айқындалған тұлғада – өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын, сондай-ақ тауарларды осындай өткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты туындаған басқа да талаптар сомасын, оның ішінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдың) сомасын қамтитын, бірақ осы Кодекстің 243-бабына сәйкес бұрын танылған кірістің талап ету құқығын сатып алу құнына ұлғайтылған мөлшерінен аспайтын мөлшерде;
4) осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында айқындалған тұлғада – ұйғарылған немесе танылған тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұл) түрінде танылған кіріс сомасы мөлшерінде күмәндi талаптар шегерiмге жатады.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, күмәндi талаптар:
1) осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында айқындалған тұлғаларда:
кредит (қарыз) шарттары бойынша туындаған күмәндi талаптар бойынша – кредит (қарыз) шартының талаптарына сәйкес сыйақы төлеу мерзімі басталған күннен кейінгі күннен бастап;
лизинг шарттары бойынша туындаған күмәндi талаптар бойынша – лизинг шартының талаптарына сәйкес лизингтік төлемді төлеу мерзімі басталған күннен кейінгі күннен бастап;
қалған жағдайларда:
өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша орындалу мерзімі айқындалған талап етуді орындау мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап;
өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша орындалу мерзімі айқындалмаған талап ету бойынша тауарлар берілген, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген күннен бастап;
2) осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында айқындалған тұлғаларда:
кредит (қарыз) шарттары бойынша туындаған күмәндi талаптар бойынша – кредит (қарыз) шартының талаптарына сәйкес сыйақы төлеу мерзімі басталған күннен кейінгі күннен бастап;
лизинг шарттары бойынша туындаған күмәндi талаптар бойынша – лизинг шартының талаптарына сәйкес лизингтік төлемді төлеу мерзімі басталған күннен кейінгі күннен бастап;
қалған жағдайларда – мына күндердің:
өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша орындалу мерзімі айқындалған талап етуді орындау мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннің;
өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша орындалу мерзімі айқындалмаған талап ету құқығы басқаға берілген күннің ішінде неғұрлым кеш болатын күннен бастап есептелетін үш жылдық кезең өткен салықтық кезеңде шегерiмге жатады.
5. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, күмәнді талаптар сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап есептелетін үш жылдық кезең өткен салықтық кезеңде шегерімге жатады.
6. Осы Кодекстің 323-бабының 1-тармағына сәйкес провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушілердің 2012 жылғы 31 желтоқсаннан кейін есепке жазылған:
1) басқа банктерде орналастырылған корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттер бойынша сыйақыларды;
2) басқа банктер мен клиенттерге берілген кредиттер (қаржы лизингін қоспағанда) бойынша сыйақыларды;
3) құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекті;
4) жабылмаған аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерді төлеу жөніндегі талаптары күмәнді болып танылмайды.
7. Салық төлеушінің күмәнді талаптарды шегерімге жатқызуы бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде жүргізіледі:
1) талаптардың туындағанын растайтын құжаттардың болуы;
2) шегерімге жатқызу кезінде бухгалтерлік есепке алуда талаптардың көрсетілуі не мұндай талаптардың алдыңғы кезеңдердегі бухгалтерлік есепке алуда шығыстарға жатқызылуы.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-267/