Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
273-бап. Кейінгі шығыстар шегерімі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Мынадай мүлікке:
1) осы Кодекстің 281-бабына сәйкес тіркеп-белгіленген активтерге;
2) осы баптың 2-тармағында көрсетілгендерден басқа, осы Кодекстің 275-бабының 2-тармағына сәйкес тіркеп-белгіленген активтерге жатпайтын активтерге;
3) лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған мүлікке;
4) осы Кодекстің 316-бабында көрсетілген активтерге қатысты жұмсалған пайдалану, жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту, күтіп-ұстау, жою жөніндегі шығындар және басқа да шығындар, оның ішінде салық төлеушінің резервтік қорлары есебінен болған шығындар кейінгі шығыстар деп танылады.
2. Осы баптың ережелері мынадай активтерге қатысты қолданылмайды:
1) коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейінгі кезеңде – жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табудан кейін өндіру басталған кезге дейін пайдалануға енгізетін және осы Кодекстің 305-бабына сәйкес салық салу мақсаттарында есепке алынатын негізгі құралдар мен материалдық емес активтер;
2) аяқталмаған құрылыс объектілері.
3. Мыналарды:
1) осы тараудың 3-параграфына сәйкес есепке алынатын тіркеп-белгіленген активтер бойынша кейінгі шығыстарды;
2) осы Кодекстің 25-тарауының 4-параграфына сәйкес амортизацияға жатпайтын активтердің бастапқы құнына енгізілуге жататын осындай активтерге қатысты жүргізілген кейінгі шығыстарды;
3) осы Кодекстің 275-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес тіркеп-белгіленген актив болып табылатын лизинг шартынан басқа, мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған мүлікке қатысты кейінгі шығыстарды;
4) жер қойнауын пайдаланушылардың осы Кодекстің 301-бабына сәйкес аударымдары шегерімге жатқызылатын жою қорының қаражаты есебінен жүргізілген шығындарын;
5) осы баптың 4-тармағында көрсетілген кейінгі шығыстарды қоспағанда, кейінгі шығыстар олар жүргізілген салықтық кезеңде шегерімге жатқызылуға жатады.
4. Жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табудан кейін өндіру басталған күнге дейін пайдалануға енгізетін және осы Кодекстің 305-бабына сәйкес салық салу мақсатында есепке алынатын негізгі құралдар мен материалдық емес активтер бойынша пайдалы қазбаларды коммерциялық табудан кейін өндіру басталған күннен бастап шегілген кейінгі шығыстардың бухгалтерлік есепке алуда осындай активтердің баланстық құнын ұлғайтуға жатқызуға жататын сомасы осы Кодекстің 305-бабының 1-тармағында көзделген амортизацияланатын активтердің тобы бойынша жинақталған шығыстардың салықтық кезеңнің соңындағы сомасын, оның ішінде мұндай сома салықтық кезеңнің соңында нөлге тең болған жағдайда да ұлғайтады.
Осы тармақта көзделген кейінгі шығыстар олар бухгалтерлік есепке алуда активтердің баланстық құнын ұлғайтуға жатқызылған салықтық кезеңде салық салу мақсаттарында танылады.
5. Осы Кодекстің мақсаттары үшін реконструкциялауға, жаңғыртуға арналған шығындар – нәтижелері бір мезгілде:
мүліктің конструкциясын өзгерту, оның ішінде жаңарту;
мүліктің қызмет мерзімін үш жылдан астам уақытқа ұзарту;
мүлікті реконструкциялауды, жаңғыртуды жүзеге асыру үшін оның пайдаланудан уақытша шығарылғандағы күнтізбелік айдың басындағы техникалық сипаттамаларымен салыстырғанда мүліктің техникалық сипаттамаларын жақсарту болып табылатын шығындар түрі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-273/