Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
304-бап. Осы параграфта пайдалану үшін айқындалатын негізгі ұғымдар
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Осы параграфта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ауыстырылатын активтер тобы – осы Кодекстің 312-бабында белгіленген тәртіппен және шарттармен өндіру басталғанға дейінгі шығыстарды (шығыстардың бір бөлігін) есепке алу үшін өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшартта жер қойнауын пайдаланушы қалыптастыратын амортизацияланатын активтер тобы;
2) бекітілген запастар – бекітілуі (қабылдануы) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес мынадай тәртіппен жүргізілген запастар:
көмірсутектер бойынша – жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның геологиялық запастарды есептеу жөніндегі есепке қатысты жер қойнауын мемлекеттік сараптаудың оң қорытындысымен запастарды бекітуі, онымен бекітілген запастар (баланстық запастар) көлемі белгіленеді. Бұл ретте алдын ала бағаланған запастардың көлемі белгіленетін көмірсутектердің геологиялық запастарын жедел есептеу жөніндегі есепке қатысты жер қойнауын мемлекеттік сараптаудың қорытындысы көмірсутектер бойынша запастарды бекіту болып табылмайды;
пайдалы қатты қазбалар бойынша:
жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның сыныптамасы бойынша бекітілген запастардың (баланстық запастардың) көлемі белгіленетін геологиялық запастарды есептеу жөніндегі есепке қатысты жер қойнауын мемлекеттік сараптаудың оң қорытындысымен запастарды бекіту;
жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның Қазақстан кодексіне сәйкес құзыретті адам дайындаған пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын және (немесе) запастарын бағалау туралы есепті геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар мен минералдық запастар туралы жария есептілікпен қабылдауы (бұдан әрі – Кодекс KAZRC);
3) жер қойнауын пайдалануға арналған басқа келісімшарт – өндіруге немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған:
өндіру басталғанға дейінгі шығыстар бойынша топтың құндық балансын ауыстыру жүргізілетін, өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшарттан;
жер қойнауын пайдалануға арналған жалғастырушы келісімшарттан айырмашылығы бар келісімшарт;
4) жер қойнауын пайдалануға арналған жалғастырушы келісімшарт – өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшарттың келісімшарт аумағындағы (жер қойнауы учаскесіндегі) қызмет нәтижелері бойынша жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт.
Жер қойнауын пайдалануға арналған жалғастырушы келісімшартқа:
өндіруге арналған, оның ішінде жер қойнауы учаскесін бөлу және осындай учаске бойынша өндіруге жеке келісімшарт жасасу нәтижесінде жасалған;
өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшарттың келісімшарт аумағындағы (жер қойнауы учаскесіндегі) қызмет нәтижесінде, оның ішінде жер қойнауы учаскесінің қайта құрылуына байланысты жасалған барлауға арналған;
бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жатады;
5) өндіру басталғанға дейінгі шығыстар – жер қойнауын пайдаланушының табылғаннан кейін өндіру басталған күнге дейін жүргізілген, өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшарт бойынша шығыстары мыналарды қоса алғанда:
геологиялық зерттеуге, барлауға (пайдалану барлауын қоспағанда), оның ішінде бағалауға арналған шығыстар;
пайдалы қазбаларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар;
кен орнын жайластыру бойынша шығыстар;
жалпы әкімшілік шығыстар;
төленген қол қою бонусының сомалары;
төленген коммерциялық анықтау бонусының сомалары;
осы Кодекстің 275-бабы 2-тармағының 2) – 6) тармақшаларында көрсетілген активтерді қоспағанда, негізгі құралдар мен материалдық емес активтерді сатып алу және (немесе) құру жөніндегі шығыстар (шығындар). Мұндай шығындарға (шығыстарға) осы Кодекстің 277-бабының 3-тармағына сәйкес негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің бастапқы құнына енгізуге жататын шығыстар (шығындар), сондай-ақ осы Кодекстің 273-бабына сәйкес жүргізілген осындай активтер бойынша кейінгі шығыстар жатады;
жер қойнауын пайдалану құқығының (құқығының бір бөлігінің) және (немесе) басқа жер қойнауын пайдаланушы бұрын қалыптастырған өндіру басталғанға дейінгі шығыстар бойынша топтың, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметті одан әрі жүзеге асыру үшін тұлғаның жарғылық капиталына табылғаннан кейін өндіру басталған күнге дейін осындай басқа жер қойнауын пайдаланушы енгізген негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің құны;
басқа жер қойнауын пайдаланушының өндіру басталғанға дейінгі шығыстары және (немесе) бас тарту төлемін беру, қарсы біртектес талапты есепке жатқызу және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес бір тұлғаның екінші тұлға алдындағы міндеттемесін тоқтатудың өзге де негіздері есебіне алынған, өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшарт бойынша басқа жер қойнауын пайдаланушының негізгі құралдары мен материалдық емес активтерінің құны;
басқа жер қойнауын пайдаланушы өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшарт бойынша шеккен және жер қойнауын пайдалану құқығына ие болуға немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісім жасауға (пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия алуға) байланысты осындай тұлғадан сатып алынған материалдық емес активтердің құнына енгізілген өндіру басталғанға дейінгі шығыстар;
өзге де шығыстар.
Осы параграфтың мақсаттары үшін өндіру басталғанға дейінгі шығыстарға осы Кодекстің 273-бабының 4-тармағында көрсетілген, бухгалтерлік есепке алуда осындай активтердің баланстық құнын ұлғайту үшін жатқызылуға тиіс, табылғаннан кейін өндіру басталған күнге дейін жер қойнауын пайдаланушы пайдалануға енгізген негізгі құралдар мен материалдық емес активтер бойынша табылғаннан кейін өндіру басталған күннен кейін шеккен шығыстар да жатады;
6) өндіру басталғанға дейінгі шығыстар бойынша топ – осы Кодекстің 305-бабында белгіленген тәртіппен және шарттармен жер қойнауын пайдаланушы қалыптастыратын, осы баптың 5) тармақшасында көрсетілген шығыстардан тұратын амортизацияланатын активтер тобы;
7) өндіру басталғанға дейінгі шығыстары бар келісімшарт – осы параграфтың ережелері қолданылатын және жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың 5) тармақшасында көрсетілген өндіру басталғанға дейінгі шығыстарды жүргізетін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт;
8) табылғаннан кейін өндірудің басталу күні – жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызмет шеңберінде күнтізбелік күн:
көмірсутектер бойынша бірінші мынадай оқиға болады:
жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган запастарды бекітті және көмірсутектерді өндіру жүзеге асырылады; немесе
жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган көмірсутектер запастарын бекіткеннен кейін не бекітілген запастар болған кезде көмірсутектерді өндіру жүзеге асырылды;
пайдалы қатты қазбалар бойынша:
өндіруге тау-кен дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін минералды шикізатты өндіру жүзеге асырылды; немесе
өндіру басталған айы мен жылы көрсетіле отырып, уәкілетті органға хабарлама жіберілді.
Осы тармақшада белгіленген пайдалы қатты қазбалар бойынша табылғаннан кейін өндірудің басталу күні жер қойнауын пайдаланушының таңдауы бойынша айқындалады;
9) топтың құндық балансы – өндіру басталғанға дейінгі шығыстар бойынша топ бойынша және салықтық кезеңнің басында және соңында айқындалатын, ауыстырылатын активтер тобы бойынша қорытынды сома.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) және 5) тармақшаларында айқындалған ұғымдар осы Кодекстің басқа баптарында осы бапта айқындалған мағыналарында пайдаланылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-304/