Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
348-бап. Аванстық төлемдерді төлеушілер
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 305. Исчисление суммы авансовых платежей
· толық сәйкестік кестесі
1. Мынадай тұлғаларды қоспағанда, корпоративтік табыс салығын төлеушілер аванстық төлемдерді төлеушілер болып табылады:
1) алдыңғы салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңде түзетулер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірісі алдыңғы қаржы жылының алдындағы айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайтын салық төлеушілер. Осы тармақшаның мақсаттары үшін жылдық жиынтық кірісті айқындау кезінде осы баптың 3-тармағында көрсетілген кірістер есепке алынбайды;
2) егер осы тармақшада өзгеше белгіленбесе, тіркеуші органда мемлекеттік (есептік) тіркеу жүзеге асырылған салықтық кезең ішінде, сондай-ақ келесі салықтық кезең ішінде – жаңадан құрылған (пайда болған) салық төлеушілер. Бөліну немесе бөлініп шығу арқылы қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан пайда болған заңды тұлға осындай қайта ұйымдастыру жүзеге асырылған салықтық кезеңде, сондай-ақ егер бөліну немесе бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған заңды тұлға осындай қайта ұйымдастыру жүзеге асырылған салықтық кезеңде корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді есептесе, кейінгі екі салықтық кезең ішінде аванстық төлемдерді төлеуші болып табылады;
3) салық органдарында тіркеу жүзеге асырылған салықтық кезең ішінде, сондай-ақ келесі салықтық кезең ішінде – салық төлеушілер ретінде салық органдарында жаңадан тіркелген, Қазақстан Республикасында қызметін заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғалар;
4) осы Кодекстің 329-бабы 1-тармағының және 330-бабының ережелерін қолданатын коммерциялық емес ұйымдар;
5) осы Кодекстің 331-бабының талаптарына сәйкес келетін мүгедектігі бар адамдардың ұйымдары;
6) «Астана-Хаб» қатысушылары;
7) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын ұйым;
8) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Орталықтың органдары және АХҚО органының ұйымдары;
9) осы Кодекстің 83-тарауында көзделген Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес құрлықта газ жобаларын игеруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар.
2. Цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілерге осы баптың 1-тармағының 1) – 9) тармақшаларында көзделген ерекшеліктер қолданылмайды.
3. Жылдық жиынтық кірісті айқындау кезінде:
1) осы Кодекстің 337-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес салық салынатын кірісті азайту қолданылған кезде, Қазақстан Республикасының кинематография туралы заңнамасына сәйкес ұлттық фильм деп танылған фильмді пайдалануға айрықша құқығы бар, оны Қазақстан Республикасының аумағындағы кинозалдарда прокаттаудан және көрсетуді жүзеге асырудан түсетін кірістер;
2) осы Кодекстің 337-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес салық салынатын кірісті азайту қолданылған кезде, теңіз кемесімен жүкті тасымалдауды жүзеге асыратын және (немесе) бербоут-чартер, тайм-чартер шарттары бойынша қызметтер көрсететін салық төлеушінің кірістері;
3) осы Кодекстің 17-бөліміне сәйкес корпоративтік табыс салығын азайту қолданылатын қызметтің басым түрлерінен түсетін кірістер есепке алынбайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-348/