Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
366-бап. Жұмыс берушінің жеке тұлға кірісі болып табылмайтын шығыстары
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Жұмыс берушінің жеке тұлға кірісі болып табылмайтын шығыстарына мыналар жатады:
1) жұмыскерлердің жұмысы жол бойында өтетін, жол жүру сипатына ие, қызмет көрсетілетін учаскелер шегіндегі қызметтік сапарларға байланысты болатын жағдайларда, оларға ұжымдық, еңбек шарттарында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде белгіленген нормалар шегіндегі өтемақы төлемдері;
2) егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, шығыстарды растайтын құжаттар, оның ішінде электронды нысандағы құжаттар негізінде іссапарлар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерді оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау мақсатындағы iссапарлар кезiндегі өтемақылар;
бронь және багаж үшін шығыстарға ақы төлеуді қоса алғанда, iссапарға баратын жерге жетуге және кері қайтуға арналған шығыстар. Осы тармақшада көзделген шығыстарға бір елді мекен шегінде жол жүру бойынша шығыстар жатпайды;
бронь үшін шығыстарға ақы төлеуді қоса алғанда, іссапарда болған уақыт ішінде жұмыскердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде тұруға арналған шығыстары. Мұндай шығыстар, оның ішінде іссапарға жіберілген жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздық күндері үшін тұруға арналған шығыстарын да (іссапарға жіберілген жұмыскер стационарлық емделуде болған жағдайлардан басқа) қамтиды;
салық төлеуші келуге және кетуге рұқсаттар (визалар) ресімдеген кезде жүргізген шығыстар (визаның, консулдық көрсетілетін қызметтердiң, мiндеттi медициналық сақтандырудың құны).
Қазақстан Республикасының шегіндегі іссапар бойынша – іссапарда болған күнтізбелік қырық күннен аспайтын кезең ішінде іссапарда болған әрбір күнтізбелік күн үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшерінен аспайтын тәуліктік өтемақылар;
Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі іссапар бойынша – іссапарда болған күнтізбелік қырық күннен аспайтын кезең ішінде іссапарда болған әрбір күнтізбелік күн үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 8 еселенген мөлшерінен аспайтын тәуліктік өтемақылар;
3) Ұлттық Банк бюджетінің қаражаты (шығыстар сметасы) есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мөлшерлерде және тәртіппен жүргізетін қызметтік, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерді оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау мақсатындағы іссапарлар кезіндегі өтемақылар;
4) Ұлттық Банк бюджетінің қаражаты (шығыстар сметасы) есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мөлшерлерде және тәртіппен жүргізетін қызметтік, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскерді оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау мақсатындағы іссапарлар кезіндегі өтемақылар;
5) жұмыскер басқа жерге жұмысқа ауысқан не жұмыс берушімен бiрге басқа жерге көшкен кездегi жол жүру, мүлкiн көшiру, күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге тұрғынжайды жалдау (жалға алу) бойынша құжатпен расталған шығыстардың өтемақылары;
6) жұмыс берушiнiң кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асырумен байланысты емес және шегерiмдерге жатқызылмайтын, нақты жеке тұлғаларға бөлінбейтін шығыстары;
7) далалық жағдайда геологиялық-барлау, топографиялық-геодезиялық және iздестiру жұмыстарымен айналысатын жұмыскерлердiң мұндай жұмыстың әрбір күнтізбелік күні үшін келісімдерде, ұжымдық шартта, еңбек шартында белгіленген және жұмыс берушінің актісімен бекітілген мөлшер шегінде, бірақ тәуліктік өтемақы мөлшерінен аспайтын далалық үлесі;
8) жұмыс берушінің вахталық әдiспен жұмыс iстейтiн адамдардың өндiрiс объектiсiнде болу кезеңiнде жұмыстарды орындауы мен ауысымаралық демалысы үшiн жағдай жасай отырып, тұрмыс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн:
тұрғынжайды мүліктік жалдау (жалға алу) бойынша;
осы тармақтың 2) тармақшасында белгiленген мөлшерде тәулiктік өтемақы шегiнде тамақтануға арналған шығыстары;
9) еңбек шартында көзделген тәртіппен және мөлшерлерде жұмыс берушінің жұмыскерлерді Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты (болатын) жерінен жұмыс орнына дейін және кері жеткізуге байланысты шығыстары;
10) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем;
11) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген тәртіп пен нормаларға сәйкес берiлген арнаулы киiм мен аяқ киiмнiң, оның ішінде оларды жөндеудің, жеке және ұжымдық қорғану құралдарының, жуу және дезинфекциялау құралдарының, профилактикалық өңдеу құралдарының, медициналық қобдишаның, сүттің немесе бағасы тең басқа да тамақ өнiмдерiнiң және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнаулы өнімдердің құны;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында нысанды киім киіп жүру және (немесе) онымен қамтамасыз ету жөніндегі міндет белгіленген жағдайларда, жұмыскерге берілген нысанды киімнің құны;
13) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес шектеу іс-шараларының енгізілуіне байланысты зертханалық зерттеп-қарауға, медициналық қарап-тексерулер жүргізуге, профилактикалық екпелерге, медициналық байқауға, емдеуге, оқшаулауға, емдеуге жатқызуға бағытталған, жұмыс берушінің жұмыскерлер пайдасына шығыстары (жұмыскерлер шығыстарының орнын толтыруды қоса алғанда);
14) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша – жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертігуге ұшырау немесе кәсіптік ауруға шалдығу салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған жұмыскерге жұмыс беруші өтеусіз берген техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының құны;
15) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертігуге ұшырау немесе кәсіптік ауруға шалдығу салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған жұмыскерге жұмыс беруші өтеусіз көрсеткен протездік-ортопедиялық көмек түріндегі көрсетілетін қызметтердің құны;
16) жұмыс берушiнiң қызметiмен байланысты мамандық бойынша жұмыскердi оқуға, бiлiктiлiгiн арттыруға немесе қайта даярлауға жiберген кезде басқа жерге iссапарды ресiмдей отырып жасалған, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің оқытуға, бiлiктiлiгін арттыруға немесе қайта даярлауға ақы төлеуге іс жүзінде жұмсаған шығыстары;
17) жұмыс берушiнiң қызметiмен байланысты мамандық бойынша оқыту, бiлiктiлiгін арттыру немесе қайта даярлау жағдайында, іссапарды ресімдемей жасалған, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскердi оқуға, бiлiктiлiгiн арттыруға немесе қайта даярлауға жiберу бойынша жұмыс берушiнiң шығыстары:
жұмыскерді оқытуға, бiлiктiлiгiн арттыруға немесе қайта даярлауға ақы төлеуге іс жүзінде жұмсалған шығыстар;
салық саясаты саласындағы уәкілетті орган белгiлеген нормалар шегiнде жұмыскердің тұруына іс жүзінде жұмсалған шығыстар;
жұмыскер оқуға түскен кезде оқу орнына баруға және оқу, бiлiктiлiгін арттыру немесе қайта даярлау аяқталғаннан кейiн кері қайтуына іс жүзінде жұмсалған шығыстар;
жұмыс берушi:
жұмыскердің Қазақстан Республикасының шегiнде оқудан, бiлiктiлiгiн арттырудан немесе қайта даярлаудан өту мерзiмі iшiнде – жұмыскер оқудан, бiлiктiлiгiн арттырудан немесе қайта даярлаудан өткен әрбір күнтізбелік күн үшін айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшерi;
жұмыскердің Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерде оқудан, бiлiктiлiгiн арттырудан немесе қайта даярлаудан өту мерзiмі iшiнде – жұмыскер оқудан, бiлiктiлiгiн арттырудан немесе қайта даярлаудан өткен әрбір күнтізбелік күн үшін айлық есептік көрсеткіштің 8 еселенген мөлшерi шегінде жұмыскерге төлеуге тағайындаған ақша сомасы;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, сондай-ақ салық агенті бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыскердің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары;
19) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде әлеуметтік төлемдерді уақтылы есептемегені, ұстап қалмағаны, аудармағаны үшін салық агентіне есепке жазылған өсімпұл сомасы;
20) жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келісімде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актісінде көзделген, мыналарға арналған шығыстары:
міндетті, мерзімді (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап-тексерулер;
жұмыскерлерді ауысым алдындағы, ауысымнан кейінгі және өзге де медициналық куәландыру (қарап-тексеру);
медициналық пункттерді күтіп-ұстау немесе ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер;
жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және гигиена талаптарына, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін еңбек жағдайларын қамтамасыз ету;
жұмыскерлерге арнайы жабдықталған жерде демалу және тамақтану мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-366/