Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
384-бап. Көлік құралдары бойынша құн өсімінен түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Көлік құралдары бойынша құн өсімінен түсетін кіріс мынадай көлік құралдарын:
1) жеке тұлға Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді олар меншік құқығында көлік құралын тіркеу күнінен бастап оны өткізу (беру) күніне дейін бір жылдан аз болатын жағдайда;
2) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шет мемлекеттің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді меншік құқығында болу мерзіміне қарамастан;
3) әуе және теңіз кемелерін, ішкі суда жүзетін кемелерді, «өзен-теңізде» жүзетін кемелерді, ғарыш объектілерін, магистральдық құбыржолдарды меншік құқығында болу мерзіміне қарамастан өткізу, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беру кезінде пайда болады.
2. Мыналар:
1) өткізу кезінде – көлік құралын өткізу бағасы (құны) мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – көлік құралы жарғылық капиталға салым ретінде берілген, бірақ төлем шотына осындай көлік құралы берілген сомадан аспайтын құн мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма көлік құралдары бойынша құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Бұл ретте ол жарғылық капиталға салым ретінде берілген көлік құралының құны көлік құралының қабылданғанын және берілгенін растайтын құжаттың негізінде айқындалады.
3. Егер осы баптың 4 – 9-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, көлік құралын сатып алудың құжатпен расталған бағасы (құны) көлік құралының бастапқы құны болып табылады.
4. Көлік құралдарын өткізудің, жарғылық капиталға берудің мынадай жағдайларында көлік құралдарының бастапқы құны болып табылады:
1) акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу нәтижесінде активтерді алған жағдайда – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде алған, оның ішінде осындай активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген, бұрын енгізілгеннің орнына алынған мүліктің құны;
2) мүлік бұрын танылған кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған немесе Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көздерден алынған және кәсіпкерлік қызмет жөніндегі декларацияда немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген осындай кірістің сомасы;
3) көлік құралы кіріс алумен байланысы болмай пайда болған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне жылжымайтын мүлік алынған дебиторлық берешек сомасы;
4) өтеусіз алынған көлік құралы өткізілген (берілген) жағдайда – осы баптың 5-тармағына сәйкес айқындалатын құн.
5. Мыналар:
1) өтеусіз алынған көлік құралының құны дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген жағдайда – өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріске бұрын енгізілген құн;
2) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған көлік құралын өткізген (берген) жағдайда – мүліктің нарықтық құны;
3) барлық басқа жағдайларда – нөлдік құн өтеусіз алынған көлік құралының бастапқы құны болып табылады.
Өтеусіз алынған мүліктің бастапқы құнын айқындау осы тармақтың тармақшаларының орналасу тәртібіндегі реттілікпен жүзеге асырылады.
6. Жеке тұлға өткізетін (беретін), бұрын Қазақстан Республикасының аумағына осындай тұлға әкелген көлік құралдарының бастапқы құны:
1) сатып алу бағасын (құнын);
2) осындай көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде есептелген және төленген қосылған құн салығы мен акциз сомаларын;
3) көлік құралдары ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан әкелінген жағдайда кедендік және кәдеге жарату төлемдерін қосу жолымен айқындалады.
Осы тармақтың ережелері тиісінше мынадай құжаттар негізінде қолданылады:
1) ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекетте көлік құралын сатып алғанын растайтын шарт (келісімшарт) немесе өзге де құжат және тауарларға арналған декларация;
2) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағында көлік құралын сатып алғанын растайтын шарт (келісімшарт) немесе өзге құжат және импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі салық декларациясы.
7. Осы баптың мақсатында, егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) көлік құралының нарықтық құны нарықтық құн болып табылады.
Мұрагерлік түрінде алынған, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тіркелген көлік құралының нарықтық құны осындай көлік құралы тіркелген сол бір мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері туралы есепте немесе өзге де құжатта айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) көлік құралының нарықтық құны болып табылады.
Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай көлік құралы өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.
8. Сенім білдірілген өкіл иеліктен шығару құқығымен механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені басқаруға арналған сенімхат негізінде алынған механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені өткізген, жарғылық капиталға салым ретінде берген жағдайда меншік иесіне мынадай деректерді:
көлік құралының өткізілген, жарғылық капиталға салым ретінде берілген бағасын (құнын);
олардың өткізілген, жарғылық капиталға салым ретінде берілген күнін қамтитын құжаттарды ұсынады.
Көрсетілген құжаттар осындай мүлік өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімге дейін беріледі.
9. Көлік құралдарына құқықтар немесе олар бойынша мәмілелер жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген осындай көлік құралдарының бастапқы құны нөлге тең.
10. Осы баптың 3 – 9-тармақтарының ережелері бастапқы құнды айқындау үшін қолданылмайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көлік құралдарының бастапқы құны нөлге тең болады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-384/