Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
385-бап. Инвестициялық алтын бойынша құн өсімінен түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Инвестициялық алтын бойынша құн өсімінен түсетін кіріс инвестициялық алтынды өткізу, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беру кезінде пайда болады.
2. Мыналар:
1) өткізу кезінде – өткізу бағасы (құны) мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма;
2) мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – жарғылық капиталға салым ретінде берілген құн, бірақ төлем шотына осындай мүлік берілген сомадан аспайтын құн мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма инвестициялық алтын бойынша құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Бұл ретте ол жарғылық капиталға салым ретінде берілген мүліктің құны осындай мүліктің қабылданғанын және берілгенін растайтын құжат негізінде айқындалады.
3. Егер осы баптың 4 – 7-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, инвестициялық алтынды сатып алудың құжатпен расталған бағасы (құны) оның бастапқы құны болып табылады.
4. Өткізудің, жарғылық капиталға берудің мынадай жағдайларында мыналар инвестициялық алтынның бастапқы құны болып табылады:
1) акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу нәтижесінде активтерді алған жағдайда – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде алған, оның ішінде осындай активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген, бұрын енгізілгеннің орнына алынған мүліктің құны;
2) инвестициялық алтын бұрын танылған кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған осындай кірістің немесе Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көздерден алынған және кәсіпкерлік қызмет жөніндегі декларацияда немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген осындай кірістің сомасы;
3) инвестициялық алтын кіріс алумен байланысы болмай пайда болған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне инвестициялық алтын алынған дебиторлық берешек сомасы;
4) өтеусіз алынған инвестициялық алтын өткізілген (берілген) жағдайда – осы баптың 5-тармағына сәйкес айқындалатын құн.
5. Мыналар өтеусіз алынған инвестициялық алтынның бастапқы құны болып табылады:
1) өтеусіз алынған инвестициялық алтынның құны дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген жағдайда – өтеусіз алынған мүлік түріндегі кіріске бұрын енгізілген құн;
2) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған инвестициялық алтын өткізілген (берілген) жағдайда – мүліктің нарықтық құны;
3) барлық басқа жағдайларда – нөлдік құн.
Өтеусіз алынған мүліктің бастапқы құнын айқындау осы тармақтың тармақшаларының орналасу тәртібіндегі реттілікпен жүзеге асырылады.
6. Осы баптың мақсатында, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) инвестициялық алтынның нарықтық құны нарықтық құн болып табылады.
Мұрагерлік түрінде алынған, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан инвестициялық алтынның нарықтық құны осындай инвестициялық алтын орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері туралы есепте немесе өзге де құжатта айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) инвестициялық алтынның нарықтық құны болып табылады.
Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.
7. Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің аумағында Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде сатып алынған инвестициялық алтынның немесе құқықтары немесе мәмілелері жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген инвестициялық алтынның бастапқы құны нөлге тең болады.
8. Осы баптың 3 – 6-тармақтарының ережелері бастапқы құнды айқындау үшін қолданылмайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі инвестициялық алтынның бастапқы құны нөлге тең болады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-385/