НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

386-бап. Заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі бойынша құн өсімінен түсетін кіріс

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі бойынша құн өсімінен түсетін кіріс заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін өткізу, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беру кезінде пайда болады.
2. Мыналар:
1) өткізу кезінде – өткізу бағасы (құны) мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма;
2) қатысу үлесін жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – жарғылық капиталға салым ретінде берілген, бірақ төлем шотына осындай үлес берілген сомадан аспайтын құн мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі бойынша құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Бұл ретте ол жарғылық капиталға салым ретінде берілген қатысу үлесінің құны осындай қатысу үлесінің қабылданғанын және берілгенін растайтын құжат негізінде айқындалады.
3. Шығып қалатын қатысу үлесінің мөлшеріне пропорционалды келетін:
1) оны сатып алу бағасы (құны) және (немесе)
2) жарғылық капиталға салым ретінде берілген, бірақ төлем шотына мүлік берілген сомадан аспайтын мүлік құны қатысу үлесінің бастапқы құны болып табылады. Бұл ретте мұндай құн салымның енгізілгенін және мүліктің берілген құнын растайтын құжаттар (қабылдау-беру актісі және (немесе) өзге де құжаттар) негізінде айқындалады және (немесе)
3) жарғылық капиталға салым ретінде енгізілген, бірақ төлем шотына ақша берілген сомадан аспайтын ақша сомасы және (немесе)
4) акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу нәтижесінде қатысу үлесін алған жағдайда – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде алған, оның ішінде бұрын енгізілген мүліктің орнына алынған, беру күніндегі беруші тұлғаның бухгалтерлік есебінде қайта бағалау мен құнсыздану ескерілмей көрсетуге жататын (көрсетілген), қатысу үлесінің берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген қатысу үлесінің баланстық құны және (немесе)
5) қатысу үлесі бұрын танылған кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған немесе Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көздерден алынған және кәсіпкерлік қызмет жөніндегі декларацияда немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген осындай кірістің сомасы және (немесе)
6) қатысу үлесі кіріс алумен байланысы болмай пайда болған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне қатысу үлесі алынған дебиторлық берешек сомасы және (немесе)
7) өтеусіз алынған қатысу үлесі өткізілген (берілген) жағдайда – бұрын дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген құн және (немесе)
8) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған қатысу үлесі өткізілген (берілген) жағдайда – қатысу үлесінің нарықтық құны қатысу үлесінің бастапқы құны болып табылады.
4. Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің аумағында тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесінің немесе жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген құқықтар немесе мәмілелер бойынша қатысу үлесінің бастапқы құны нөлге тең болады.
5. Қатысу үлесінің бастапқы құнын айқындау үшін осы баптың 1 – 3-тармақтарының ережелері қолданылмайтын жағдайларда мұндай құн нөлге тең болады.
6. Осы баптың мақсатында, егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) қатысу үлесінің нарықтық құны нарықтық құн болып табылады. Мұрагерлік түрінде алынған, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген шетелдік заңды тұлғаның жарғылық капиталына өткізілетін (берілетін) қатысу үлесінің нарықтық құны осындай шетелдік заңды тұлға тіркелген сол бір мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері туралы есепте немесе өзге де құжатта айқындалған, осындай қатысу үлесіне меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) қатысу үлесінің нарықтық құны болып табылады. Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-386/