Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
387-бап. Бағалы қағаздар бойынша құн өсімінен түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Бағалы қағаздар бойынша құн өсімінен түсетін кіріс:
1) жеңілдік берілетін бағалы қағаздардан басқа, бағалы қағаздар бойынша құн өсімінен түсетін кірістен;
2) жеңілдік берілетін бағалы қағаздар бойынша құн өсімінен түсетін кірістен тұрады.
2. Бағалы қағаздарды өткізудің, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде берудің нәтижесі оң немесе теріс мәнге ие болуы мүмкін және салықтық кезең үшін шығып қалудың әрбір операциясы бойынша мынадай тәртіппен айқындалады:
1) борыштық бағалы қағаздарды өткізу, оның ішінде өтеу кезінде – өткізу құны, бағалы қағазды өтеу және оның бастапқы құны арасындағы айырма;
2) жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – жарғылық капиталға салым ретінде берілген бағалы қағаздың құны мен оның бастапқы құны арасындағы айырма.
3. Жеңілдік берілетін бағалы қағаздардан басқа, салықтық кезең үшін бағалы қағаздарды өткізудің, оларды жарғылық капиталға салым ретінде берудің барлық операциясынан алынған нәтижелердің жалпы сомасы:
егер мұндай сома оң мәнге ие болса, құн өсімінен түсетін кіріс;
егер мұндай сома нөлдік немесе теріс мәнге ие болса, нөлге тең деп танылады.
4. Жеңілдік берілетін бағалы қағаздарды өткізудің, оларды жарғылық капиталға салым ретінде берудің барлық операциясынан алынған нәтижелердің жалпы сомасы салықтық кезең үшін:
егер мұндай сома оң мәнге ие болса және осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 1) – 6) тармақшаларына сәйкес ескерілсе, жеңілдік берілетін бағалы қағаздар құнының өсімінен түсетін кіріс;
егер мұндай сома нөлдік немесе теріс мәнге ие болса, нөлге тең деп танылады.
Осы Кодекстің 400-бабы 1-тармағының 1) – 6) тармақшаларында, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 6-бабы 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздар жеңілдікті бағалы қағаздар болып табылады.
5. Бағалы қағаздар құнының өсімінен түсетін кіріс бағалы қағаздардың түскен күніне байланысты оларды хронологиялық тәртіппен жүйелі түрде есептен шығару жолымен айқындалады.
6. Мыналар бағалы қағаздардың бастапқы құны болып табылады:
1) оларды сатып алу құны, Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің заңнамасына сәйкес брокерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаға бағалы қағаздарды сатып алу бойынша көрсетілген қызметтер үшін комиссиялық сыйақыға арналған шығыстар. Жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздар бойынша сатып алу құны опционды орындау бағасы мен опционның сыйлықақысы мөлшерінде айқындалады
немесе
2) егер акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде мүлікті бөлу нәтижесінде активтерді алса – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде алған, оның ішінде, осындай активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген, бұрын енгізілгеннің орнына алынған мүліктің құны
немесе
3) бағалы қағаздар бұрын танылған кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған немесе Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көздерден алынған және дара кәсіпкердің декларациясында немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген осындай кірістің сомасы
немесе
4) бағалы қағаздар кіріс алумен байланысы болмай пайда болған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне бағалы қағаз алынған дебиторлық берешек сомасы
немесе
5) өтеусіз алынған бағалы қағаздардың құны дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген жағдайда – өтеусіз алынған мүлік түріндегі кірісіне бұрын енгізілген құн;
немесе
6) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған бағалы қағаз өткізілген (берілген) жағдайда – бағалы қағаздың нарықтық құны.
Бағалы қағаздардың бастапқы құны құжатпен расталуға тиіс. Бағалы қағаздардың бастапқы құнын растайтын құжаттар болмаған жағдайда, мұндай құн нөлге тең деп танылады.
Бағалы қағаздар бiрлiгiнiң бастапқы құны оларды өткізу, жарғылық капиталға салым ретiнде беру кезiнде уақыт бойынша бiрiншi болып түскен бағалы қағаздардың бастапқы құны бойынша айқындалады.
7. Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің құзыретті органында тіркелген құқықтары немесе мәмілелері бар борыштық бағалы қағаздардан басқа бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең болады.
Эмиссиясы жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген борыштық бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең.
8. Осы баптың 6-тармағының ережелері бастапқы құнын айқындау үшін қолданылмайтын жағдайларда бағалы қағаздардың бастапқы құны нөлге тең деп танылады.
9. Осы баптың мақсатында, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) бағалы қағаздың нарықтық құны нарықтық құн болып табылады.
Мұрагерлік түрінде алынған, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген өткізілетін (берілетін) бағалы қағаздың нарықтық құны осындай бағалы қағаз тіркелген сол бір мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері туралы есепте немесе өзге де құжатта айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) бағалы қағаздың нарықтық құны болып табылады.
Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-387/