НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

389-бап. Цифрлық активтер бойынша құн өсімінен түсетін кіріс

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Цифрлық активтер бойынша құн өсімінен түсетін кіріс цифрлық активтерді өткізу, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беру кезінде пайда болады.
2. Мыналар:
1) өткізу кезінде – өткізу бағасы (құны) мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма;
2) мүлікті жарғылық капиталға салым ретінде беру кезінде – жарғылық капиталға салым ретінде берілген, бірақ төлем шотына осындай мүлік берілген сомадан аспайтын, құн мен оның бастапқы құны арасындағы оң айырма цифрлық активтер бойынша құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Бұл ретте жарғылық капиталға салым ретінде берілген мүліктің құны осындай мүліктің қабылданғанын және берілгенін растайтын құжат негізінде айқындалады.
3. Егер осы баптың 4 және 5-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, цифрлық активтерді сатып алудың құжатпен расталған бағасы (құны) олардың бастапқы құны болып табылады.
4. Өткізудің, жарғылық капиталға берудің мынадай жағдайларында мыналар цифрлық активтердің бастапқы құны болып табылады:
1)  акционер (қатысушы, құрылтайшы) заңды тұлға таратылған немесе жарғылық капитал азайтылған, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған, эмитент-заңды тұлға осы эмитент шығарған акцияларды акционерден сатып алған кезде, мүлікті бөлу нәтижесінде активтерді алған жағдайда – акционер, қатысушы, құрылтайшы мүлікті бөлу кезінде алған, оның ішінде осындай активтің қабылданғанын және берілгенін растайтын және тараптардың қолтаңбаларымен куәландырылған құжатта көрсетілген, бұрын енгізілгеннің орнына алынған мүліктің құны;
2) цифрлық активтер бұрын танылған кірісті төлеу ретінде алынған жағдайда – салық агентінен алынған немесе Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көздерден алынған және кәсіпкерлік қызмет жөніндегі декларацияда немесе кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген осындай кірістің сомасы;
3) цифрлық актив кірісті алумен байланысы болмай пайда болған дебиторлық берешекті өтеу есебіне алынған жағдайда – өтеу есебіне цифрлық актив алынған дебиторлық берешек сомасы;
4) өтеусіз алынған цифрлық активтердің құны дара кәсіпкердің салық салынатын кірісіне немесе жеке тұлғаның салық салынатын кірісіне енгізілген жағдайда – өтеусіз алынған цифрлық активтер түріндегі кіріске бұрын енгізілген құн;
5) мұрагерлік, қайырымдылық көмек түрінде алынған цифрлық активті өткізген (берген) жағдайда – цифрлық активтің нарықтық құны.
5. Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттегі көздерден алынған цифрлық активтердің бастапқы құны нөлге тең болады.
6. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелері бастапқы құнды айқындау үшін қолданылмайтын жағдайларда цифрлық активтердің бастапқы құны нөлге тең болады.
7. Осы баптың мақсатында, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) цифрлық активтің нарықтық құны нарықтық құн болып табылады. Мұрагерлік түрінде алынған, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген өткізілетін (берілетін) цифрлық активтердің нарықтық құны осындай цифрлық актив тіркелген мемлекеттің заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері туралы есепте немесе өзге де құжатта айқындалған, оған меншік құқығы туындаған күнге өткізілетін (берілетін) цифрлық активтердің нарықтық құны болып табылады. Бұл ретте мұндай нарықтық құнды салық төлеуші осындай мүлік өткізілген (берілген) салықтық кезең үшін кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-389/