Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
42-бап. Салық органдары, олардың міндеттері мен жүйесі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 18. Налоговые органы, их задачи и система
· толық сәйкестік кестесі
1. Салық органдары мынадай міндеттерді орындайды:
1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының және сақталуын бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
3) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) салық органының ақпараттандыру объектілерін қалыптастыру, олардың дамуын және салық төлеушілер үшін электрондық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
Мемлекеттік кіріс органы – өз құзыреті шегінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасында кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган салық органы болып табылады.
2. Салық органдарының жүйесі:
1) уәкілетті органнан;
2) астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, аудандар, қалалар мен қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелерден;
3) ауданаралық аумақтық бөлімшелерден;
4) арнайы экономикалық аймақтар аумақтарындағы аумақтық бөлімшелерден;
5) мамандандырылған мемлекеттік мекемеден тұрады.
Мамандандырылған мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, салық органының лауазымды адамдарын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіби біліктілігін арттыруды, сондай-ақ халықтың салық мәдениетін арттыруға байланысты функцияларды жүзеге асыратын оқу-әдістемелік орталық.
Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
3. Салық органдарының уәкілетті орган бекіткен кодтары болады.
4. Салық органының нышаны болады, оның сипаттамасы мен пайдаланылу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-42/