Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
43-бап. Салық органының құқықтары мен міндеттері
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 14. Права и обязанности налогового агента
· толық сәйкестік кестесі
Бұрынғы кодексте:
Статья 29. Обязанности лица и (или) структурных подразделений
· толық сәйкестік кестесі
1. Салық органы:
1) салық салу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға, оның ішінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ақпарат алмасуға;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда салық төлеушіден (салық агентінен):
салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемелерді, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемені есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстап қалудың және аударудың) уақтылылығын растайтын құжаттарды ұсынуды;
салық төлеуші (салық агенті) жасаған салықтық нысандар бойынша жазбаша түсініктерді, сондай-ақ оның қаржылық есептілігін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде орналасқан оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, егер осындай тұлға үшін Қазақстан Республикасының заңдарында міндетті түрде аудит жүргізу белгіленсе, аудиторлық есепті қоса бере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті талап етуге;
3) уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан, Мемлекеттік корпорациядан, қаржы және төлем ұйымдарынан, коллекторлық агенттіктерден, банк ұйымдарынан, сондай-ақ өзге де тұлғалардан осы Кодексте айқындалған тәртіппен және мақсаттарда мәліметтерді сұратуға және (немесе) алуға;
4) жеке тұлғаның салықтық есептілігінде көрсетілген кірістер мен мүлік туралы мәліметтерінің анықтығы бөлігінде жеке тұлғаны салықтық міндеттемелерді орындауының толықтығы фактісіне тексеруді жүзеге асыруға;
5) салықтық тексерулерге және өзге де бақылау нысандарына мамандарды тартуға;
6) осы Кодексте белгіленген жағдайларда фото және бейнетүсірілімді, үшінші тұлғаларға сауалнама жүргізуді жүзеге асыруға;
7) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюлар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті мен міндеттеріне сәйкес өзге де талап қоюлар беруге;
8) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес салық төлеушіні банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
9) салық органдарының лауазымды адамдарын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіби біліктілігін арттыруды жүргізуге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің салық мәдениетін арттыру үшін оқу және баспа қызметін жүзеге асыруға;
11) осы Кодекске сәйкес қабылданатын шешімдерді салық органының ақпараттық жүйесінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландыруға;
12) салықтық әкімшілендіру кезінде салық органдарының ақпараттық жүйелерінде биометриялық сәйкестендіру құралын қолдануға;
13) салық мәдениетін арттыруға және салық тәртібін күшейтуге бағытталған іс-шараларды жүргізуге құқылы.
2. Салық органы:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын сақтауға;
2) мемлекеттің мүдделерін қорғауға;
3) салық төлеушіге (салық агентіне) қолданыстағы салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беруге;
4) өз құзыреті шегінде салық төлеуші (салық агенті) ұсынған мәліметтер мен құжаттар шегінде оның салықтық міндеттемесінің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы бойынша түсіндірмені жүзеге асыруға және комментарийлер беруге міндетті.
Деңгейлес мониторингке қатысушы үшін осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген түсіндірмелерді жүзеге асыру мен комментарийлер беруді, сондай-ақ жоспарланатын мәмілелерге (операцияларға) қатысты алдын ала түсіндірме беруді уәкілетті орган жүргізеді.
5) талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу фактісін растайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) салық төлеушінің (салық агентінің) салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарауға;
7) салықтық бақылау барысында анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген шараларды қабылдауға немесе осындай факт бойынша материалдарды ведомстволық бағыныстылығы бойынша тиісті органға беруге;
8) салықтық бақылау барысында анықталған қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне нұсқайтын салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару және (немесе) әдейі банкроттық фактілері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін материалдарды тергелуі бойынша құқық қорғау органына жіберуге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жасау бойынша өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік органға, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына салық органының ақпараттық жүйесіне қолжетімділік беруге;
10) салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алуға міндетті.
3. Салық органы:
1) салықтық берешегі бар;
2) салық органы мүлік салығы, жер салығы бойынша салықтық міндеттемелерінің сомаларын есептеген жеке тұлға;
3) әрекет етпейтін салық төлеушілер тізіліміне енгізілген;
4) электрондық шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрған;
5) тіркелуі заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылған;
6) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаңдар арқылы жүзеге асыратын, қосылған құн салығын төлеуші-шетелдік компаниялардың тізіліміне енгізілген;
7) тұрған жерінде оның жоқ екені салықтық зерттеп-қарау актісімен анықталған;
8) дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын және осындай есептен шығарудан бас тартылған адамның тіркеу есебінен шығарылған;
9) таратылуына немесе қызметін тоқтатуына байланысты таратудың салықтық есептілігін ұсынған;
10) кірістер мен мүлік туралы және активтер мен міндеттемелер туралы салықтық есептілікті ұсынған;
11) салық төлеушінің паспортында қамтылған;
12) шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан,
шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алған және жұмсаған тұлғалар мен заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері туралы дерекқорға енгізілген;
13) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданудың басталу және (немесе) тоқтатылу күндері көрсетіле отырып, осындай режимді қолданатын (қолданған) салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді осы Кодексте айқындалған тәртіппен және жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
4. Салық органы тоқсан сайын масс-медиада:
1) салықтық берешектің шекті мөлшерінен асқан сомада салықтық берешегі бар дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, заңды тұлғалар және заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері;
2) қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаңдар арқылы жүзеге асыратын және салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарламаны орындамаған шетелдік компаниялар туралы мәліметтерді жариялауға міндетті.
Масс-медиада жариялануға жататын мәліметтердің тізбесі, сондай-ақ оларды жариялау тәртібі мен мерзімдері тиісінше:
1) салық органының осы Кодекстің 183-бабында көзделген салық төлеушіден (салық агентінен) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібінде;
2) осы Кодекстің 102-бабында көзделген қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу есебіне шартты түрде қоюды жүзеге асыру тәртібінде белгіленеді.
5. Салық органының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары болады және ол өзге де міндеттерді орындайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-43/