НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

45-бап. Салықтық құпия

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Салықтық құпия – егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші (салық агенті) туралы салық органы алған кез келген мәліметтер. 2. Салық төлеуші (салық агенті) – заңды тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам туралы мынадай: 1) салық төлеуші (салық агенті) төлеген (аударған), салық төлеушінің (салық агентінің) есебіне жазылған салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомасы туралы; 2) есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасының есепке жазылған қосылған құн салығы сомасынан асып кетуінің салық төлеушіге бюджеттен қайтарылатын сомасы туралы; 3) салықтық берешек сомасы туралы; 4) мынадай тіркеу мәліметтері: сәйкестендіру нөмірі; басшының тегі, аты және әкесінің аты; атауы; салық төлеушілер базасына осындай салық төлеуші немесе оны тіркеу есебіне қою туралы мәліметтер енгізілген күн; салық төлеушілер базасынан осындай салық төлеуші туралы мәліметтер алып тасталған және тіркеу есебінен шығарылған күн және олардың негіздемесі; қызмет түрі; салықтық есептілікті ұсыну мерзімін тоқтата тұру басталған және аяқталған күн; резиденттігі; бақылау-касса машинасының салық органында тіркелу нөмірі; бақылау-касса машинасы пайдаланылатын орын; салық салудың қолданылатын тәртібі туралы;
5) салықтық есептілікте көрсетілген жалдамалы жұмыскерлердің саны туралы;
6) салық төлеуші есептеген салықтық кезеңдегі салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің жалпы сомасының, сыйақылар мен амортизациялық аударымдар бойынша шығыстарды есепке алмағанда, салық салынатын кіріс сомасымен арақатынасы түрінде айқындалатын, талдамалық мақсаттар үшін пайдаланылатын салықтық жүктеменің коэффициентін қоса алғанда, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептелетін салықтық жүктеменің коэффициенті туралы;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін қолданылған жауаптылық шаралары туралы;
8) салықтық жеңілдіктер туралы;
9) осы Кодексте көзделген жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жататын;
10) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын мәліметтер салықтық құпия болып табылмайды.
3. Салық төлеуші (салық агенті)-жеке тұлға туралы мынадай:
1) салықтық берешек сомасы туралы;
2) мынадай тіркеу мәліметтері: жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты; сәйкестендіру нөмірі; салық төлеушілер базасына осындай салық төлеуші туралы мәліметтер енгізілген күн; салық төлеушілер базасынан осындай салық төлеуші туралы мәліметтер алып тасталған күн және оның негіздемесі; резиденттігі туралы;
3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін қолданылған жауаптылық шаралары туралы;
4) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жариялануға жататын;
5) салықтық жеңілдіктер туралы;
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жататын;
7) Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын мәліметтер салықтық құпия болып табылмайды.
4. Салықтық жеңілдіктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген салықтық шығыстар туралы талдамалық есепті қалыптастыру мен ұсыну мақсаттары үшін қолданатын салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтер де салық құпиясы болып табылмайды.
5. Осы баптың 4 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық органы салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпия болып табылатын мәліметтерді, сондай-ақ осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды салық төлеушінің (салық агентінің) келісімінсіз басқа тұлғаға ұсына алмайды.
6. Салық органы салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) келісімін алмастан:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Мемлекеттік күзет қызметіне ұсынады. Мәліметтер тергеу судьясы, прокурор санкциялаған уәжді сұрау салудың негізінде ұсынылады. Мұндай мәліметтерді тергеу судьясы, прокурор сұратқан кезде санкция талап етілмейді. Сұрау салу қағаз жеткізгіште не электрондық құжат нысанында жіберіледі;
2) егер салық төлеуші қаралатын істің тарапы болып табылса, сот төрелігін іске асыру кезінде жіберілген жолданымдарының (өкімі, талабы, тапсырмасы, сұрау салуы) негізінде сотқа және судьяларға;
3) жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған қаулының негізінде іс жүргізуіндегі атқарушылық іс жүргізу істері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде сот орындаушысына;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жасау бойынша өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті органға, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға, сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі уәкілетті органға, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органына ұсынады. Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген уәкілетті мемлекеттік органдар осындай мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының заңдарымен өздеріне жүктелген міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға, Ұлттық Банкке ұсынады. Салықтық құпияны құрайтын мәліметтердің тізбесі және оларды ұсыну тәртібі уәкілетті органмен бірлескен актімен бекітілген өзара іс-қимыл жасау қағидаларында белгіленеді;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен өздеріне жүктелген міндеттерді орындау және функцияларды жүзеге асыру үшін банк ұйымдарына, төлем ұйымдарына, жергілікті атқарушы органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, Мемлекеттік корпорацияға ұсынады. Салықтық құпияны құрайтын мәліметтердің тізбесі және оларды ұсыну тәртібі құзыреті шегінде уәкілетті органның және тиісті салада басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның немесе Ұлттық Банктің бірлескен актісімен бекітілген өзара іс-қимыл жасау қағидаларында белгіленеді.
7) салықтық тексеру жүргізуге және бақылаудың өзге де нысандарына тартылған маманға (бұдан әрі – маман);
8) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға;
9) құзыреті шегінде қаралатын жолданымдар бойынша апелляциялық комиссияның мүшелеріне;
10) құзыреті шегінде қаралатын мәселелер бойынша Деңгейлес мониторингке байланысты мәселелерді қарау жөніндегі консультативтік кеңестің (бұдан әрі – Консультативтік кеңес) мүшелеріне;
11) құзыреті шегінде қаралатын жолданымдар бойынша Салық салу мәселелері жөніндегі әдіснамалық кеңестің мүшелеріне;
12) құзыреті шегінде қаралатын жолданымдар бойынша салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарауды жүзеге асыратын уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесіне;
13) тақырыптық салықтық тексеру шеңберінде «Өнім берушілер бойынша пирамида» талдамалық есебі бойынша өздерінің өнім берушілерінің анықталған бұзушылықтары бөлігінде қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару туралы талап қойған салық төлеушілерге ұсынады.
7. Осы баптың ережелерін іске асыру мақсатында мәліметтер «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы ұсынылады. Интеграция болмаған жағдайда мәліметтер қағаз жеткізгіште не өзге электрондық нысанда ұсынылуы мүмкін. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы мәліметтер алмасу жағдайында мәліметтерді ұсынудың бөлек тәртібін орнату талап етілмейді.
8. Осы баптың 6-тармағының ережелері «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес салық төлеуші туралы салық органы алған мәліметтерге қолданылмайды.
9. Салықтық құпияға қол жеткізе алатын адамдар өздерінің міндеттерін атқару кезеңінде, сол сияқты оларды атқаруды аяқтағаннан кейін де салықтық құпияны жария етпеуге тиіс.
10. Салықтық құпияны құрайтын мәліметтер қамтылған құжаттарды жоғалту не мұндай мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
11. Мыналар:
1) салық органының «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беруі салықтық құпияны жария ету болып табылмайды. Бұл ретте сақтауға берілген мұндай деректерді пайдалануды салық органы ғана жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу, сондай-ақ үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда алынған мәліметтерді мыналарға: Қазақстан Республикасынан шығарылатын тауарларға қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы, өтемақылық тергеп-тексерулерді жүргізу кезінде үшінші елдің және (немесе) үшінші елдер одағының құзыретті органына; Қазақстан Республикасынан шығарылатын тауарларға қатысты өтемақылық тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің құзыретті органына және (немесе) Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі – ЕЭК); Қазақстан Республикасының үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы заңнамасына сәйкес тергеп-тексеру мақсаттары үшін ЕЭК-ке беру салықтық құпияны жария ету болып табылмайды;
3) салық органының салық төлеуші (салық агенті) туралы, мыналарды: салық төлеушінің (салық агентінің) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша өз салықтық міндеттемелерін, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемені; банк ұйымдарының осы Кодексте көзделген міндеттерді орындауы үшін қажетті мәліметтерді банк ұйымдарына беруі;
4) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу мақсатында тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру үшін, сондай-ақ деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес деректер талдамасын жүзеге асыру үшін алынған мәліметтерді «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына беруі;
5) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды есепке алу және өңдеу үшін қажетті ақпараттандыру субъектілерінің ақпараттық жүйелеріне мәліметтерді беру салықтық құпияны жария ету болып табылмайды. Мұндай мәліметтерді пайдалануды салық органы ғана жүзеге асырады;
6) салық органының осы Кодекстің 56-бабының 16-тармағында көрсетілген мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына (бұдан әрі – ҰКП) беруі;
7) салық органының өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын және қызметін интернет-платформаны пайдалана отырып жүзеге асыратын жеке тұлғалар бойынша салықтар мен әлеуметтік төлемдердің есептелген сомалары туралы мәліметтерді интернет-платформа операторына беруі салықтық құпияны жария ету болып табылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-45/