Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
477-бап. Қосылған құн салығынан босатылатын, қаржылық
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
операцияларды өткізу бойынша айналымдар
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген қаржылық операциялар қосылған құн салығынан босатылады.
2. Қосылған құн салығынан босатылатын қаржылық операцияларға мыналар жатады:
1) бағалы қағаздармен жасалатын операциялар;
2) бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясыз жүзеге асыратын тұлғалардың көрсетілетін қызметтері;
3) туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) жөніндегі операциялар, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау бойынша сақтандыру брокерлерінің (сақтандыру агенттерінің) көрсетілетін қызметтері;
5) МӘСҚ активтерін басқару жөніндегі қызмет;
6) ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын басқару бойынша көрсетілетін қызметтер;
7) қатысу үлесін өткізу;
8) кредиттік серіктестіктің өз қатысушыларына кредиттік серіктестікке қатысушылар үшін ақшалай нысанда орындауды көздейтін кепілдіктерді, кепілгерліктерді және өзге де міндеттемелерді беруі;
9) екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ Ұлттық Банкте қызмет көрсетілетін заңды тұлғалар санаты үшін Ұлттық Банкте ашылған металл шоттар арқылы инвестициялық алтынды өткізу;
10) кредиттер (қарыздар, микрокредиттер) бойынша талап ету құқығын басқаға беру;
11) осы баптың 3-тармағында көрсетілген операциялар;
12) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналарын тарту, зейнетақы активтерінен алынған инвестициялық кірісті бөлу және есепке жатқызу жөніндегі көрсетілетін қызметтері;
13) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру жүйесі шеңберінде жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру;
14) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналарды шоғырландыру, денсаулық сақтау субъектілерінен медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды іске асыру жөніндегі көрсетілетін қызметтері;
15) қолма-қол шетел валютасымен жасалатын айырбастау операцияларын қоса алғанда, шетел валютасымен жасалатын айырбастау операциялары;
16) төлем карточкаларымен жасалатын операциялар.
3. Ислам банкі сатып алушыға өткізетін тауардың үстеме бағасының Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес жасалған коммерциялық кредит туралы шарттың талаптарында айқындалатын сомасы қосылған құн салығынан босатылады.
Осы тармақтың ережелері:
1) тауарды кейіннен үшінші тұлғаға сату туралы шарттарынсыз;
2) тауарды кейіннен үшінші тұлғаға сату шарттарымен коммерциялық кредит беру арқылы сауда делдалы ретінде жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру шеңберінде Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес ислам банкі мүлікті берген жағдайда қолданылады.
Осы тармақтың ережелері сатып алушы коммерциялық кредит туралы шартты орындаудан бас тартқан кезде ислам банкінің тауарды үшінші тұлғаға өткізу жағдайларына қолданылмайды.
4. АХҚО аумағында қызметті жүзеге асыруға рұқсаты бар цифрлық активтер биржасы көрсететін, сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз ету, цифрлық активтерді шығару, айналдыру және сақтау жөнінде көрсетілетін қызметтер қосылған құн салығынан босатылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-477/