Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
482-бап. Есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Осы Кодекстің 484-бабының 6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 480-бабының ережелеріне сәйкес келмейтін қосылған құн салығының, сондай-ақ осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.
2. Мыналарды:
1) егер қосылған құн салығын төлеуші осы Кодекстің 487 және 489-баптарына сәйкес бөлек есепке алуды жүргізу арқылы әдісін қолданса, салық салынбайтын айналым мақсатында пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
2) мынадай:
шот-фактураны жазып берген тұлғаның және (немесе) осындай шот-фактура жазып берілген тұлғаның сәйкестендіру нөмірлері осындай шот-фактурада көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген;
шот-фактурада құжат жазып берілген күн, шот-фактураның нөмірі, тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауы, салық салынатын айналым мөлшері туралы деректер көрсетілмеген;
шот-фактура осы Кодекстің 492-бабының талаптарына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылмаған;
осы Кодекстің 492-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, шот-фактура осы Кодекстің 492-бабы 1-тармағының талаптары бұзыла отырып, қағаз жеткізгіште жазып берілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
3) төлемнің мерзімділігіне қарамастан, азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлемі қосылған құн салығы ескеріле отырып, қолма-қол есеп айырысу арқылы жүргізілген және төлем жасалған күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшерінен асатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
4) осы Кодекстің 301-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы банктегі арнаулы депозиттік шотта орналастырылған тарату қорының қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;
5) осы Кодекстің 15-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында айқындалған дербес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген, өздері алған нысаналы салым немесе осындай нысаналы салымның қаражатынан өтеусіз негізде қаржыландыру есебінен сатып алған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты төленуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығы деп танылады.
3. Мыналар:
1) комиссионерде – комиссия шартының талаптарына сай келетін талаптармен комитент үшін сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленуге жататын қосылған құн салығы;
2) экспедиторда – көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тарап үшін осындай шарт бойынша міндеттерді орындау кезінде тасымалдаушыдан және (немесе) басқа да өнім берушілерден сатып алынған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленуге жататын қосылған құн салығы есепке жатқызылатын қосылған құн салығы деп танылмайды.
4. Тұрғын ғимаратты (тұрғын ғимараттың бір бөлігін) салуды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығынан босатылатын, сол сияқты қосылған құн салығы салынатын айналымдар түрінде өткізуге арналған осындай тұрғын ғимаратты (тұрғын ғимараттың бір бөлігін) салу үшін пайдаланылып жатқан немесе пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығын осы Кодекстің 489-бабында көрсетілген мақсаттар үшін салықтық тіркелімде бөлек есепке алады және декларацияда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын ғимарат пайдалануға қабылданғанға дейін көрсетеді.
Мұндай қосылған құн салығы одан әрі осы Кодекстің 489-бабында айқындалған тәртіппен есепке алынады.
Мұндай құрылыс объектісі немесе оның бір бөлігі аяқталмаған құрылыс объектісі түрінде ол пайдалануға қабылданғанға дейін өткізілген кезде осындай өткізу күніне бөлек есепке алынатын қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызуға рұқсат етілген, осы Кодекстің 489-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын қосылған құн салығының сомасына азайтылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-482/