Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
492-бап. Қосылған құн салығын төлеушілердің
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
шот-фактура жазып беруіне қойылатын талаптар
1. Шот-фактура электрондық нысанда жазып беріледі, оған қосылған құн салығын төлеуші шот-фактураны қағаз жеткізгіште жазып беруге құқылы болатын мынадай:
1) қосылған құн салығын төлеушінің тұрған жерінде әкімшілік-аумақтық бірліктер шекарасында жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі болмаған жағдай;
2) техникалық қателер себебінен электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураларды жазып беру мүмкін емес екені туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында расталған жағдай жатпайды.
Бұл ретте қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура техникалық қателер жойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне енгізілуге тиіс;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрған жағдай жатпайды.
Бұл ретте қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура осы Кодекстің 88-бабына сәйкес шот-фактураларды электрондық нысанда жазып беруді тоқтата тұрудың күші жойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне енгізілуге тиіс;
4) төтенше ахуал немесе төтенше жағдай қолданылған кезең жатпайды.
Бұл ретте қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура төтенше ахуал кезеңі немесе төтенше жағдайдың қолданылуы аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесіне енгізілуге тиіс. Шот-фактураны жазып берудің тәртібі мен нысанын уәкілетті орган белгілейді.
2. Қағаз жеткізгіштегі шот-фактура электрондық шот-фактура нысаны бойынша екі данада жазып беріледі, оның біреуі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушыға беріледі.
Салық төлеушілер қағаз жеткізгіште жазып берілетін шот-фактурада шот-фактураның электрондық нысанында көзделмеген қосымша мәліметтерді көрсетуге құқылы.
3. Мынадай:
1) өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жасалған (орындалған) мәмілелер (операциялар) бойынша;
2) осы Кодекстің 467, 521 және 523-баптарына сәйкес қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын, тауарларды экспортқа өткізу жөніндегі мәмілелер (операциялар) бойынша;
3) осы Кодекстің 468-бабына сәйкес қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын, халықаралық тасымалдар бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі айналымдар бойынша;
4) осы Кодекстің 473-бабының 3-тармағына сәйкес қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі бойынша салық салынатын өткізу жөніндегі айналымдар бойынша шетел валютасымен көрсету мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, шот-фактурадағы құндық және сомалық мәндер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетіледі.
4. Егер заңды тұлғаның атынан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші ретінде оның құрылымдық бөлімшесі әрекет етсе және заңды тұлғаның шешімі бойынша шот-фактуралар жазып беруді осындай құрылымдық бөлімше жүргізсе, сондай-ақ, егер заңды тұлғаның атынан құрылымдық бөлімше тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы болып әрекет етсе, онда шот-фактурада осындай құрылымдық бөлімшенің деректемелерін көрсетуге жол беріледі.
5. Қосылған құн салығын төлеушілер шот-фактурада немесе осы Кодекстің 480-бабының 6-тармағында көзделген өзге құжатта:
1) қосылған құн салығы салынатын айналымдар бойынша – қосылған құн салығының сомасын;
2) салық салынбайтын, оның ішінде қосылған құн салығынан босатылған айналымдар бойынша – «ҚҚС-сыз» деген белгіні, өткізу орны Қазақстан Республикасының аумағы болып табылмаса – «ҚҚС-сыз – ҚР емес» деген белгіні көрсетеді.
6. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, электрондық нысанда жазып берілген шот-фактура электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылады.
Шот-фактура осы Кодекстің 93-бабына сәйкес тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде салық төлеушіге қатысты тәуекел анықталған кезде уәкілетті орган көздеген тәртіппен шот-фактура жазып беруді жүзеге асыратын жеке тұлғаның биометриялық деректерімен қосымша куәландырылады.
Қағаз жеткізгіште жазып берілген шот-фактура:
заңды тұлғалар үшін – басшысы мен бас бухгалтерінің қолтаңбаларымен, сондай-ақ, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы тұлғада мөр болуға тиіс болса, атауы және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету қамтылған мөрмен;
дара кәсіпкерлер үшін – тегі, аты және әкесінің аты және (немесе) атауы қамтылған мөрмен (ол болған кезде), сондай-ақ дара кәсіпкердің қолтаңбасымен куәландырылады.
Шот-фактура салық төлеушінің бұйрығымен осыған уәкілеттік берілген жұмыскердің қолтаңбасымен куәландырылуы мүмкін. Бұл ретте бұйрықтың көшірмесі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушылардың көріп-танысуы үшін қолжетімді болуға тиіс.
Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы шот-фактураға қол қоюға уәкілетті адамды тағайындау туралы бұйрықтың осыған уәкілеттік берілген адам куәландырған көшірмесін ұсыну талабымен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге жүгінуге құқылы, ал өнім беруші бұл талапты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы жүгінген күні орындауға міндетті.
Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді беруші болып табылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы тұлғада мөр болуға тиіс болса, салық төлеуші жазып берген шот-фактураларды оның шешімі бойынша осындай құрылымдық бөлімшенің заңды тұлғаның атауы және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету қамтылған мөрімен куәландыруға құқылы.
Жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілі осы Кодекстің 216-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда жазып берген шот-фактура уәкілетті өкілдің атауы және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету қамтылған мөрімен, сондай-ақ осындай уәкілетті өкіл басшысының және бас бухгалтерінің қолтаңбаларымен куәландырылады.
Егер Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына және есепке алу саясатына сәйкес басшы немесе дара кәсіпкер бухгалтерлік есепті жеке өзі жүргізсе, бас бухгалтер қолтаңбасының орнына «көзделмеген» деп көрсетіледі.
7. Жекелеген жағдайларда шот-фактураларды жазып беру ерекшеліктері осы Кодекстің 494 – 498-баптарында белгіленген.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-492/