НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

499-бап. Түзетілген шот-фактураны жазып беру

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Түзетілген шот-фактура бұрын жазып берілген шот-фактураға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні және (немесе) алушыны ауыстыруға алып келмейтін қателерді түзету қажет болған жағдайда жазып беріледі. Түзетілген шот-фактура жазып берілген кезде бұрын жазып берілген шот-фактураның күші жойылады, қосымша шот-фактуралар болған кезде олардың да күші жойылады. Күші жойылған қосымша шот-фактураларды қалпына келтіру үшін түзетілген шот-фактураға қосымша шот-фактуралар жазып беріледі.
2. Түзетілген шот-фактура:
1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес келуге;
2) мынадай ақпаратты: шот-фактура түзетілген болып табылатыны туралы белгіні; түзетілген шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін; күші жойылатын шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін қамтуға тиіс.
3. Қағаз жеткізгіште жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы растаулардың бірінің:
1) осы Кодекстің 492-бабының 6-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны қолтаңбаларымен және мөрімен растауы;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырысты хатпен жіберуі және оның алынғаны туралы хабарламаның болуы;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының қол қойылған және: заңды тұлғалар үшін – егер осы тұлғада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөр болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген; дара кәсіпкерлер үшін – мөрі болған кезде, тегі, аты және әкесінің аты және (немесе) атауы қамтылған мөр басылған осындай шот-фактураны алғандығы туралы хаты болуы міндетті.
4. Электрондық нысанда жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы:
1) егер осындай түзетілген шот-фактураны алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылса – осындай шот-фактураның жазып берілгенін растауға немесе келіспеген кезде қабылдамауға міндетті. Бұл ретте осындай шот-фактураны алушыдан растау болған кезде шот-фактура жазып берілген болып есептеледі;
2) егер түзетілген шот-фактураны алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса – түзетілген шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде сондай шот-фактураны жазып беруді қабылдамауға құқылы. Егер осындай қабылдамау осы тармақшада көрсетілген мерзім ішінде жүргізілмесе, онда шот-фактура тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы растаған болып есептеледі. Бұл ретте алушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге осындай түзетілген шот-фактураны кері қайтарып алуды талап ете отырып жүгінуге құқылы. Осы баптың ережелері осы Кодекстің 500-бабында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
5. Қайта құру жолымен қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры түзетілген шот-фактураны жазып беруді жүргізбейді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-499/