Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
52-бап. Салық органының уәкілетті мемлекеттік органдармен,
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
жергілікті атқарушы органдармен және Мемлекеттік
корпорациямен өзара іс-қимыл жасауы
1. Салық органы салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру кезінде уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимыл жасайды.
Өзара іс-қимыл жасау шеңберінде мәліметтерді ұсыну ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық жүйелер интеграцияланғанға дейін мәліметтер қағаз жеткізгіште не өзге де электрондық тәсілмен ұсынылуы мүмкін.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және Мемлекеттік корпорация:
1) салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда салық органына жәрдем көрсетуге;
2) ақпараттық жүйелердің салық органының ақпараттық жүйесімен интеграциялануын қамтамасыз етуге;
3) салық органына өз құзыреті шегінде өздеріне жүктелген міндеттерді орындау мен функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді, оның ішінде тізбеге, мерзімге, тәртіпке және уәкілетті орган мен тиісті уәкілетті мемлекеттік органның бірлескен актісімен бекітілген өзара іс-қимыл жасау қағидаларында белгіленген нысандарға сәйкес дербес деректер қамтылған мәліметтерді ұсынуға міндетті.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметтерді ұсынуы уәкілетті орган мен мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітілген өзара іс-қимыл жасау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы мәліметтер алмасылған жағдайда мәліметтерді ұсынудың жеке тәртібін белгілеу талап етілмейді.
3. Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері:
1) жеке тұлғалар төлейтін мүлік, көлік құралдары салықтарын жинауды ұйымдастырады;
2) жеке тұлғаларға есептелген мүлік салығының сомасы туралы хабарламаларды салық органы есептеген күннен кейінгі он жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуды қамтамасыз етеді.
4. Мемлекеттік корпорация және бюджетке төленетін төлемдерді жинауды, салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды және (немесе) тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар ұсынылатын мәліметтерде салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін көрсетуге міндетті.
5. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган салық органының сұрау салуы бойынша тексерілетін салық төлеушіге қатысты оның Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі бойынша сақтандыру міндеттемелері туралы қорытынды ұсынады.
Осы тармақта көрсетілген қорытындының нысаны, оны ұсыну тәртібі мен мерзімі уәкілетті органның және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітілген өзара іс-қимыл жасау қағидаларында белгіленеді.
6. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық немесе оған теңестірілген өкілдігі, шет мемлекеттің консулдық мекемесі (бұдан әрі – дипломатиялық өкілдік) тұрған жеріндегі салық органына осындай дипломатиялық өкілдіктің аккредиттелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде аккредиттелгенін және орналасқан жерін растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелері өздерінің тұрған жеріндегі салық органдарына Қазақстан Республикасы экология заңнамасының сақталуы бойынша тексерулерді (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру барысында анықталған қоршаған ортаға теріс әсер етудің нақты көлемдері туралы мәліметтерді ұсынады.
Қоршаған ортаға теріс әсер етудің нақты көлемдері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексерулердің нәтижелеріне шағым жасау ескеріле отырып, сот актісі заңды күшіне енген немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген осындай тексерулердің нәтижелеріне шағым жасау мерзімдері өткен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтердің нысаны және оларды ұсыну тәртібі уәкілетті орган мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітілген өзара іс-қимыл жасау қағидаларында белгіленеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-52/