НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

54-бап. Салық органының қаржы және төлем ұйымдарымен,

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасауы
1. Қаржы және төлем ұйымдары, коллекторлық агенттіктер салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда салық органына жәрдем көрсетуге міндетті. Өзара іс-қимыл жасау шеңберінде мәліметтерді ұсыну ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық жүйелер интеграцияланғанға дейін мәліметтер қағаз жеткізгіште не өзге де электрондық тәсілмен ұсынылуы мүмкін. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы мәліметтер алмасылған жағдайда мәліметтерді ұсынудың жеке тәртібін белгілеу талап етілмейді.
2. Коллекторлық агенттіктер тұрған жердегі салық органына есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей:
1) құқықтың (талаптың) коллекторлық агенттікке өтуі талаптарын қамтитын шарттар;
2) коллекторлық агенттікпен жасалған сенімгерлік басқару шарты шеңберінде банктік қарыз шарты бойынша өзіне берілген құқыққа (талапқа) қатысты кредитордың құқықтарын іске асыратын салық төлеушілер жөніндегі мәліметтерді ұсынуға міндетті.
3. Бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығына ие кастодиандар, орталық депозитарий, брокерлер және (немесе) дилерлер салық органына:
1) бейрезидент-жеке тұлғаларға, бейрезидент-заңды тұлғаларға, бейрезиденттер бенефициарлық меншік иелері болып табылатын заңды тұлғаларға ашылған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған шоттардың бар-жоғы туралы, сондай-ақ осы шоттардағы бағалы қағаздардың қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді;
2) шет мемлекеттің уәкілетті органының Қазақстан Республикасының ақпарат алмасу туралы халықаралық шартына (бұдан әрі – халықаралық шарт) сәйкес жіберілген сұрау салуында көрсетілген жеке және заңды тұлғаларға ашылған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған жеке шоттардың бар-жоғы туралы, сондай-ақ осы шоттардағы бағалы қағаздардың қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді және осындай тұлғалар жеке немесе заңды тұлғамен жасасқан шартқа қатысты өзге де ақпаратты ұсынуға міндетті.
4. Инвестициялық портфельді басқаратын кастодиандар салық органына:
1) бейрезидент-жеке тұлғаларға, бейрезидент-заңды тұлғаларға, сондай-ақ бейрезиденттер бенефициарлық меншік иелері болып табылатын заңды тұлғаларға тиесілі бағалы қағаздарды қоспағанда, өзге активтердің бар-жоғы туралы мәліметтерді;
2) шет мемлекеттің уәкілетті органының ақпарат алмасу туралы халықаралық шартқа сәйкес жіберген сұрау салуында көрсетілген жеке және заңды тұлғаларға тиесілі, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілгендерді қоспағанда, өзге активтердің бар-жоғы туралы мәліметтерді, сондай-ақ осындай тұлғалар жеке немесе заңды тұлғамен жасасқан шартқа қатысты өзге де ақпаратты ұсынуға міндетті.
5. Қызметін «өмірді сақтандыру» саласы бойынша жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары салық органына:
1) бейрезидент-жеке тұлғалар пайда алушылар болып табылатын, жасалған жинақтаушы сақтандыру шарттары туралы мәліметтерді;
2) шет мемлекеттің уәкілетті органының ақпарат алмасу туралы халықаралық шартқа сәйкес жіберген сұрау салуында көрсетілген жеке тұлғалар пайда алушылар болып табылатын, жасалған жинақтаушы сақтандыру шарттары туралы мәліметтерді, сондай-ақ осы жинақтаушы сақтандыру шарттарына қатысты өзге де ақпаратты ұсынуға міндетті.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері жеке тұлғалар жасасқан сақтандыру шарттары жөніндегі мәліметтерді салық органына ұсынуға міндетті.
7. Осы баптың 1 – 6-тармақтарында көзделген мәліметтердің нысандарын, оларды ұсыну тәртібі мен мерзімдерін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
8. Брокерлер салық органына сауда-саттық қорытындылары бойынша жасалған бағалы қағаздармен мәмілелер жөніндегі мәліметтерді, ал тауар биржалары және (немесе) тауар биржаларының клирингтік орталықтары ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы тауар биржасында өткізілген биржалық тауарлармен тұлғалардың мәмілелері туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мәліметтердің нысанын уәкілетті орган белгілейді.
9. Төлем ұйымдары қызметін Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компаниялардың пайдасына және бөлінісінде күнтізбелік тоқсанда жүзеге асырылған төлемдер мен аударымдардың жиынтық сомалары туралы мәліметтерді салық органына ұсынуға міндетті. Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мәліметтердің нысандарын, оларды ұсыну тәртібі мен мерзімдерін Ұлттық Банкпен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-54/