НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

664-бап. Алу объектілері

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Мемлекеттік баж:
1) сотқа берiлетiн әкімшілік талап қоюлардан, талап қоюлардан, ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу iстері бойынша арыздардан (шағымдардан), сот бұйрығын шығару туралы арыздардан, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парақтарын беру туралы арыздардан, төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхаттардан, сот актілерінің, атқару парақтарының және өзге де құжаттардың көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан;
2) уәкілетті тұлғалардың «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген нотариаттық әрекеттер жасағаны үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi үшiн;
3) Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттар ресімдегені үшін;
4) шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдағаны және келіскені үшін;
5) Қазақстан Республикасының аумағында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу құқығына визалар бергені, оны қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшін;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы құжаттарды ресiмдегенi үшін;
7) аңшы куәлiгiн (аңшы куәлiгiнің телнұсқасын) бергенi (қайта ресімдегені) үшiн;
8) босқын куәлігін, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғаш рет және қолданылу мерзімінің аяқталуы бойынша беруді қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды бергені үшін;
9) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын иеленуге, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға рұқсаттар бергені үшін;
10) азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қорытындылар бергені үшін;
11) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтiк қаруының (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа құрылғыларды, үрлемелі энергиясы 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ді қоса алғанға дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн;
12) Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға апостиль қойғаны үшiн;
13) жүргізуші куәліктерін, тракторшы-машинист куәліктерін, механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер бергені үшін;
14) сақталуы үшін Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасында белгіленген мерзімнен аспайтын кезең ішінде сақтауда тұрған автомобильге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін қоспағанда, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін (телнұсқаларын) бергені үшін;
15) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алуға рұқсаттар бергені үшін;
16) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат бергені үшін алынады.
2. Егер осы Кодекстің 665-бабында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк баж мөлшерлемелері мемлекеттік бажды төлеу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі осы тараудың мәтіні бойынша – АЕК) еселенген мөлшерiнде немесе талап қою сомасының пайызымен айқындалады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-664/