Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
692-бап. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару тәртібі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Осы Кодекстің 693-бабының 1-тармағында және 738-бабының 4-тармағында көрсетілген кірістерді қоспағанда, бейрезидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын кірістеріне, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салықтық шегерімдер жүзеге асырылмай, осы Кодекстің 682-бабында көрсетілген мөлшерлемелер бойынша төлем көзінен жеке табыс салығы салынады.
2. Осы баптың ережелеріне қарамастан, бейрезидент-жеке тұлғаның құн өсімінен түсетін кірістерінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару осы Кодекстің 687-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
3. Төлем көзінен жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдерді жүзеге асырмай, осы Кодекстің 372-бабының 5-тармағында көзделген ережелер ескеріле отырып, осы Кодекстің 372-бабында айқындалған кірістерді қоса алғанда, бейрезидент-жеке тұлғаның мынадай кірістерінің:
жұмыс берушілер болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасалған еңбек шарты (келісім, келісімшарт) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін кірістерінің сомасына;
басшысының гонорарларына және (немесе) басқару органының (директорлар кеңесінің немесе өзге де органның) мүшелеріне мұндай міндеттердің нақты орындалу орнына қарамастан, аталған адамдар резидентке қатысты өздеріне жүктелген басқару міндеттерін орындауға байланысты алатын өзге де төлемдеріне;
Қазақстан Республикасында жұмыс берушілер болып табылатын резидент немесе бейрезидент ретінде тұруына байланысты оған төленетін үстемеақыларына;
бейрезидент-жеке тұлғаларға зейнетақы аннуитеті шарты бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлеміне;
резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдеріне осы Кодекстің 682-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
4. Бейрезидент-жеке тұлғаның төлем көзінен кірістеріне салық салу осы бейрезиденттің өз кірістерін үшінші тұлғалардың пайдасына билік етуіне қарамастан жүргізіледі.
5. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды салық агенті бейрезидентке кірістер төленген күннен кешіктірмей, төлем көзінен салық салынатын есептелген және төленген кірістер бойынша жүргізеді.
Төлем көзінен жеке табыс салығын салық агенті бейрезидент-жеке тұлғаға кіріс төлеуді жүзеге асыру нысаны мен орнына қарамастан ұстайды.
6. Салық агенті салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей тұрған жерінде төлем көзінен ұсталған төлем көзінен жеке табыс салығының сомасын аударуға міндетті.
7. Кіріс шетел валютасымен төленген кезде төлем көзінен салық салынатын кірістің мөлшері кіріс төленетін күнге белгіленген валютаның ресми бағамы қолданыла отырып теңгемен қайта есептеледі.
8. Осы Кодекстің 226-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының ережелеріне сәйкес қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмайтын бейрезидент шетелдік персоналды ұсынған кезде Қазақстан Республикасындағы қызметтен осындай персоналдың кірісіне төлем көзінен жеке табыс салығы салынады.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның кірістері, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы қызметіне байланысты осындай тұлға алатын өзге де материалдық пайда жеке табыс салығын салу объектісі болып табылады.
Егер кіріс бейрезидент ұсынған персоналға төленсе, жеке табыс салығын есептеу мақсатында салықтық базаны осы Кодекстің 226-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бейрезидент ұсынатын құжаттардың негізінде салық агенті айқындайды.
Шетелдік персоналдың кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды бейрезидент заңды тұлғаға шетелдік персоналды ұсыну жөніндегі қызметтер үшін кіріс төленген кезде салық агенті жүргізеді.
Төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдерді жүзеге асырмай, осы Кодекстің 372-бабы 5-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы тармаққа сәйкес айқындалған шетелдік персонал кірістерінің сомасына осы Кодекстің 682-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Салық агенті төлем көзінен ұсталған жеке табыс салығының сомаларын тұрған жерінде салық ұсталуға жататын айдан кейінгі айдың 25-іне дейін аударуға міндетті.
9. Төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кіріс төлейтін және салық агенттері таныған мынадай тұлғаларға:
1) дара кәсіпкерге;
2) Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға;
3) Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға;
4) резидент-заңды тұлғаға, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитентіне жүктеледі.
Осы тараудың мақсаттары үшін резидент-заңды тұлға өз шешімімен осы Кодекстің 439-бабында айқындалған тәртіппен осындай құрылымдық бөлімше төлеген (төлеуге жататын) төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша өзінің құрылымдық бөлімшесін төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы бойынша салық агенті деп тануға құқылы;
5) осы Кодекстің 687-бабының 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құн өсімінен кіріс төлейтін тұлғаға жүктеледі.
Бұл ретте осы Кодекстің 687-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген кірісті төлейтін жеке тұлға осы тармақшаның бірінші бөлігін іске асыру мақсатында қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелер жасасу жағдайларын қоспағанда, салық агенті деп танылады.
10. Салық агенті осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен есептелген жеке табыс салығының сомасын оны ұстап қалмай өз қаражаты есебінен төлеген кезде салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалған болып есептеледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-692/