НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

735-бап. Арнайы экономикалық аймақтар аумағында салық салу ерекшеліктері

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан және қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері (салық салынатын объектілер) бойынша жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының бюджетке төленуге жататын сомасын айқындау кезінде есептелген салық және (немесе) төлемақы сомасын мынадай тәртіппен: тиісті салық мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану арқылы жер салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша, салықтық базаға 0 мөлшерлемесін қолдану арқылы мүлік салығы бойынша 100 пайызға азайтады. Осы тараудың мақсаттарында осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген азайту салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар болып табылады. Салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар: арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалатын айдың 1-інен бастап – жер салығы бойынша; салық салу объектісі пайда болған күннен бастап, бірақ арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалған күннен кейін – мүлік салығы бойынша; арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалған айдың 1-інен бастап уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін, бірақ арнайы экономикалық аймақтың қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша қолданылады.
2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан салық салу объектілері (салық салынатын объектілер) пайдаланылған жағдайда, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде де, қызметтің өзге түрлерін жүзеге асыру кезінде де осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің ережелері қолданылатын салық немесе төлемақы сомасы қызметтің басым түрлерінен түсетін кірістердің жылдық жиынтық кіріске үлес салмағына пропорционалды түрде айқындалады.
3. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шартты бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар шартты бұзуға негіз болып табылатын бұзушылыққа жол берілген салықтық кезең басталған күннен бастап жойылады. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы шарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде шартты бұзуға негіз болып табылған бұзушылық күнін көрсете отырып, олармен жасалған шарттар бұзылған арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар туралы мәліметтерді осындай қатысушылардың тұрған жеріндегі салық органдарына ұсынады. Бұл ретте салық төлеуші шарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей шартты бұзуға себеп болып табылған бұзушылыққа жол берілген салықтық кезең үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
4. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым бюджетке төлеуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудың нәтижесі болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынған кірістер бойынша осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады. Бұл ретте осы баптың осы тармағы бірінші бөлігінің және 5-тармағының ережесі, мұндай өткізу шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерінің тізбесіне кіретін жағдайларды қоспағанда, мынадай құрылыс объектілерін: жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, музейлерді, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін; жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес инфрақұрылымды, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін өткізуден түскен кірістер бойынша қолданылмайды.
5. Шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын дара кәсіпкер бюджетке төленуге жататын жеке табыс салығының сомасын айқындау кезінде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынған кірістер бойынша есептелген жеке табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады.
6. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер қызметтің тиісті басым түрі және қызметтің өзге түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
7. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымның немесе дара кәсіпкердің қызметтің басым түріне жатпайтын өзге қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістеріне жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы салынуға жатады.
8. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды көздейтін осы Кодекстің басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
9. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары бюджетке төленуге жататын, жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомасын айқындау кезінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалану жоспарланатын) салық салу объектілері (салық салынатын объектілер) бойынша есептелген салық пен төлемақы сомаларын мынадай тәртіппен: тиісті салық мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану арқылы жер салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша; салықтық базаға 0 мөлшерлемесін қолдану арқылы мүлік салығы бойынша 100 пайызға азайтады.
10. Осы баптың 1, 4 және 5-тармақтарында көзделген салықтар және (немесе) төлемақы сомаларын 100 пайызға азайтуды қолдану мерзімі Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасында белгіленген санаттарға қарай, бірақ қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданылу мерзімінен және арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу мерзімінен аспай: А санаты – 7 жыл ішінде; В санаты – 15 жыл ішінде; С санаты – 25 жыл ішінде жүзеге асырылады. Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелерін арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым және дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қызметті жүзеге асыру туралы шартты 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін жасасқан кезде қолданады.
11. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін салық салынбайтын айналымды және салық салынбайтын импортты айқындау бойынша осы Кодекстің 48-тарауында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 7-бөлімінде белгіленген қосылған құн салығын салу тәртібін қолданады. Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларға қосылған құн салығын салу, сондай-ақ нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналым бойынша қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібі осы бөлімде және осы Кодекстің 470 және 471-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіппен жүргізіледі. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органмен жасасқан арнаулы инвестициялық келісімшарт шеңберінде арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым: осы Кодекстің 479-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында және 525-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында белгіленген шарттар сақталған кезде еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімімен орналастырылған көлік құралдарының және (немесе) ауылшаруашылық техникасының құрамындағы шикізатты және (немесе) материалдарды, сондай-ақ олардың құрамдастарын; осы Кодекстің 479-бабының 2-тармағында және 525-бабының 5-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде арнайы экономикалық аймақтың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босатылады.
12. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасасқан күннен кейін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, егер мұндай өзгерістер мен толықтырулар корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу кезінде қолданылатын азайту мөлшерлерін алып тастауды және (немесе) өзгертуді көздейтін болса, мұндай ұйым немесе дара кәсіпкер осындай шарт жасасу күніне қолданыста болатын осы тараудың ережелерін қолданады. Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес жасалған арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде, бірақ осындай бірінші өзгеріс және (немесе) толықтыру қолданысқа енгізілген күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімде қолданылады. Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты арнайы экономикалық аймақты басқару органы біржақты тәртіппен бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қолданылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-735/