Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
736-бап. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаларға салық салу
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 712-2. Налогообложение лиц, заключивших
· толық сәйкестік кестесі
Бұрынғы кодексте:
Статья 712-3. Порядок уменьшения налоговых обязательств
· толық сәйкестік кестесі
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, салықтар бойынша преференциялар көзделетін инвестициялар туралы келісім жасаған;
2) инвестициялар туралы келісімде көзделген қызметтің басым түрі бойынша инвестициялық жобаны іске асыратын заңды тұлға инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға болып табылады.
2. Инвестициялар туралы келісім осы баптың 1-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде мынадай преференцияларды көздеуі мүмкін:
1) осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын инвестициялар туралы келісімде айқындалған, инвестициялар туралы келісім шеңберінде жаңа өндірістер ретінде енгізілген, кеңейтілген немесе жаңартылған тіркеп-белгіленген активтерді пайдалану арқылы алынған қызметтің басым түрлері бойынша инвестициялық жобаны іске асырудан түскен кірістер бойынша 100 пайызға азайту;
2) инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызметтің басым түрлері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде 0 коэффициентін қолдану;
3) инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызметтің басым түрлері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын объектілер бойынша мүлік салығын есептеу кезінде салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемесін қолдану;
4) келісім жасалған күннен бастап инвестициялық жоба шеңберінде салықтар бойынша преференциялар мерзімдері аяқталған күнге дейінгі кезеңге осы бапта көзделген коэффициент мөлшерінің, мөлшерлемелердің және салықтарды азайту мөлшерінің тұрақтылығы.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) және 3) тармақшаларының ережелері салық салу объектілерін пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға беру жағдайларында қолданылмайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген салықтар бойынша преференцияларды қолданудың шекті мерзімі:
1) корпоративтік табыс салығы бойынша келісімнің шарттарына қарай осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалады;
2) жер салығы бойынша – келісім жасалған айдың 1-інен басталады және осындай келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады;
3) мүлік салығы бойынша – бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген айдың 1-інен басталады және (немесе) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан сегіз жылдан кешіктірілмей аяқталады.
4. Корпоративтік табыс салығы бойынша преференцияларды қолданудың шекті мерзімі мынадай тәртіппен айқындалады:
1) жаңа өндірістер құру жөніндегі инвестициялар туралы келісім бойынша – осындай келісім жасалған жылдың 1 қаңтарынан басталады және келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады;
2) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялар туралы келісім бойынша –
инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызмет түрлері бойынша өнім шығаратын соңғы тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады және
өнім шығаратын соңғы тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан үш жылдан кешіктірмей аяқталады;
3) инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызмет түрлері бойынша өнім шығаратын тіркеп-белгіленген активтерді кезең-кезеңімен енгізу кезінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялар туралы келісім бойынша –
өнім шығаратын тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады;
және
өнім шығаратын тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан үш жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Шекті мерзім инвестициялар туралы келісімде айқындалған және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялар туралы келісімде көзделген қызмет түрлері бойынша өнім шығаратын әрбір тіркеп-белгіленген активке қатысты қолданылады.
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген салықтар бойынша инвестициялық преференцияларды қолдану мерзімі инвестициялау санаттары бойынша жобаның құнына және жүзеге асырылатын қызметтің түріне қарай, бірақ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы, салық саясаты саласындағы уәкілетті органдармен және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес 10 жылдан асырмай белгіленеді.
6. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызметтің басым түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
7. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға осы Кодекстің корпоративтік табыс салығын азайтуды, мүлік салығы мен жер салығын есептеу кезінде төмендетілген мөлшерлемелер мен коэффициенттерді қолдануды көздейтін басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
8. Егер Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар жер салығын және (немесе) мүлік салығын есептеу кезінде қолданылатын коэффициенттерді және (немесе) мөлшерлемелерді ұлғайтуды не корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде азайту мөлшерін өзгертуді көздейтін болса, инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға инвестициялық жоба шеңберіндегі қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді инвестициялар туралы келісім жасалған күні қолданыста болған коэффициенттерді қолдана отырып және (немесе) мөлшерлемелер бойынша айқындайды, сондай-ақ корпоративтік табыс салығын есептеу кезіндегі азайту мөлшерін қолданады.
9. Инвестициялар туралы келісімнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салықтар бойынша преференциялар және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік ол жасалған күннен бастап күшін жояды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда, салық төлеуші инвестициялар туралы келісім бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осы келісім жасалған күннен бастап оны бұзған күнді қоса алғанға дейінгі салықтық кезеңдер үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-736/