Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
75-бап. Тарату кезінде салықтық міндеттемені орындау
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
ерекшеліктері
1. Осы баптың мақсаттары үшін мыналар таратылатын салық төлеуші деп танылады:
таратылатын резидент-заңды тұлға;
Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі;
қызметі тоқтатылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі.
2. Осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағында көзделген таратудың салықтық есептілігін ұсыну міндеттемесі аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мынадай тұлғаларда:
таратылатын резидент-заңды тұлғада;
Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінде немесе тұрақты мекемесінде;
қызметі тоқтатылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді дербес төлеуші болып танылған жағдайда, осы құрылымдық бөлімшеде туындайды.
Осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағында көзделген таратудың салықтық есептілігін ұсыну салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру, оның ішінде салықтық тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
3. Таратылатын салық төлеушінің салықтық берешегі осындай тұлғалардың, оның ішінде олардың мүлкін өткізуден алынған ақшаның есебінен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.
Қызметі тоқтатылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің салықтық берешегі қызметі тоқтатылатын тұрақты мекеме немесе құрылымдық бөлімше арқылы оларды құрған заңды тұлғаның ақшасы есебінен өтеледі.
Егер таратылатын салық төлеушінің мүлкі салықтық берешегін толық көлемде өтеу үшін жеткіліксіз болса, салықтық берешегінің қалған бөлігін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда таратылатын салық төлеушінің құрылтайшылары (қатысушылары) өтейді.
4. Таратылатын салық төлеушінің салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдардың, айыппұлдардың артық (қате) төлеген сомалары, сондай-ақ кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтар мен өсімпұлдардың артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомалары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттар ескеріле отырып, оның берешегін өтеу есебіне есепке жатқызылуға, ал қалған бөлігі таратылатын салық төлеушіге қайтарылуға жатады.
Егер таратылатын салық төлеуші құрылымдық бөлімшесі бар заңды тұлға болып табылатын жағдайларда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген сомалар да осындай салық төлеушінің құрылымдық бөлімшесінің берешегін өтеу есебіне жатқызылуға тиіс.
Егер таратылатын салық төлеушінің қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу есебінен шығару күніне есепке жатқызылатын қосылған құн салығының қайтарылуға жататын есепке жазылған салық сомасынан асып кеткен сомасы болса, көрсетілген асып кету осы Кодексте айқындалған тәртіппен қайтарылуға жатады.
5. Таратылатын салық төлеушіде таратудың салықтық есептілігін ұсынған күннен бастап салықтық әкімшілендіру аяқталған күнге дейінгі кезең ішінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу мен төлеу бойынша салықтық міндеттемелер әлеуметтік міндеттеме туындаған кезде мұндай тұлға тарату кезеңінде есепке жазылған сомалар туралы хабарламаның негізінде көрсетілген міндеттемелерді толық көлемде орындауға міндетті.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес ұсынылған қосымша салықтық есептілікте көрсетілген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді төлеу салық органына осындай қосымша салықтық есептілік ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
6. Жеке тұлғалар мен бейрезиденттердің төлем көзінен салық салуға жататын, салықтық әкімшілендіру аяқталған күннен кейінгі күннен бастап тарату балансы бекітілген күнге дейінгі кезең ішінде дивидендтер түрінде кірістері пайда болған кезде таратылатын заңды тұлға тұрған жеріндегі салық органына осындай салықтық міндеттеме бойынша таратудың салықтық есептілігіне қосымша салықтық есептілікті ұсынуға және оны толық көлемде орындауға міндетті.
7. Таратылатын салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына тарату балансын ұсынуы үшін мынадай талаптардың бір мезгілде сақталуы:
1) салықтық берешектің, әлеуметтік төлемдер бойынша, оның ішінде жүзеге асырылған салықтық әкімшілендіру қорытындылары бойынша берешектің болмауы;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомаларының, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының есепке жазылған салық сомасынан асып кетуінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен және жағдайларда қайтарылуға жататын кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтар мен өсімпұлдардың артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомаларының болмауы негіз болып табылады.
8. Осы баптың 7-тармағына сәйкес таратылатын салық төлеуші ұсынған тарату балансы осындай салық төлеушіні бұл туралы хабардар ете отырып, тіркеуші органға таратылатын салық төлеушіде берешектің болмауын көздейтін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді салық органының жіберуі үшін негіз болып табылады.
9. Таратылатын салық төлеуші өзінде берешектің болмауын көздейтін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді тіркеуші органға жіберу туралы салық органының хабарламасын алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қызметін тоқтату рәсімін аяқтау үшін тіркеуші органға жүгінуге міндетті.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-75/