Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
78-бап. Бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін ашпай
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
тұрақты мекеменің Қазақстан Республикасында тиімді басқару
орнының (нақты басқару органының тұрған жерінің)
болуына байланысты құқықтар мен міндеттерді беруі кезінде
салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Осы баптың мақсаттары үшін:
бейрезиденттің тұрақты мекемесі деп бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін ашпай құрылған тұрақты мекеме түсініледі;
бейрезидент-заңды тұлға деп қызметін құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға түсініледі;
шетелдік резидент-заңды тұлға деп шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған, тиімді басқару орны (нақты басқару органының тұрған жері) Қазақстан Республикасында орналасқан және бейрезидент тұрақты мекеменің құқықтары мен міндеттері ауысатын заңды тұлға түсініледі.
2. Бейрезидент-заңды тұлға тиімді басқару орнын (нақты басқару органының тұрған жерін) шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда, мұндай тұлғаның тұрақты мекемесі өзінің құқықтары мен міндеттерін беру актісіне сәйкес көрсетілген бейрезидент-заңды тұлғаға беруге міндетті.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға осындай тұлға тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш берген күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде бейрезиденттің тұрақты мекемесі тұрған жеріндегі салық органына осындай тұрақты мекеменің шетелдік резидент-заңды тұлғаға құқықтары мен міндеттерін бергені туралы хабарлауға міндетті.
3. Бейрезидент-заңды тұлға салық төлеуші шетелдік резидент-заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне қойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде бейрезидент тұрақты мекеме салық органына:
1) тұрақты мекеме арқылы қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін;
3) беру актісін ұсынуға міндетті.
4. Құқықтары мен міндеттерін шетелдік резидент-заңды тұлғаға беретін бейрезидент-тұрақты мекеменің салықтық міндеттемесін орындау шетелдік резидент заңды тұлғаға жүктеледі.
5. Бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құқықтары мен міндеттерін шетелдік резидент-заңды тұлғаға беруі құқық мирасқорының салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуге негіз болып табылмайды.
6. Бейрезиденттің тұрақты мекемесінің салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдардың, айыппұлдардың артық (қате) төлеген сомалары, сондай-ақ кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтар мен өсімпұлдардың артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомалары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттар ескеріле отырып, осындай тұрақты мекеменің берешегін өтеу есебіне есепке жатқызуға, ал қалған бөлігі шетелдік резидент-заңды тұлғаға қайтарылуға жатады.
7. Мұндай тұрақты мекемені бейрезиденттің тіркеу есебінен шығару тұрақты мекеме арқылы құрылымдық бөлімше ашпай қызметін тоқтату деп танылады.
Салық органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген бейрезиденттің тұрақты мекемесінің құжаттарын алғаннан кейін жеке шоты бойынша сальдоны шетелдік резидент-заңды тұлғаның тұрған жеріндегі салық органына береді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-78/