Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
85-бап. Өсімпұлдар
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Өсімпұлдар басқа да қамтамасыз ету тәсілдерінің, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзғаны үшін өзге де жауаптылық шараларының қолданылатынына қарамастан, есепке жазылады.
2. Банк ұйымына өсімпұлдар:
1) банктік шоттардан сомаларды есептен шығару кезектілігін сақтамағаны;
2) оларды бюджетке аудармағаны (есепке жатқызбағаны);
3) бюджетке:
салық төлеушілердің (салық агенттерінің) банктік шоттарынан есептен шығарылған сомаларды;
салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдерді, өсімпұлдарды, айыппұлдарды төлеу есебіне банк ұйымының кассаларына енгізілген қолма-қол ақшаны;
есепке жазылған банктік сыйақыларды уақтылы аудармағаны үшін есепке жазылады.
3. Өсімпұлдар мыналарға:
1) егер салықтық берешектің пайда болуының жалғыз себебi дебитордың таратылуы немесе қызметін тоқтатуы болып табылса, мәжбүрлеп таратылатын екінші деңгейдегі банктің немесе қызметі тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кредиторына – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган лицензиядан айыру туралы шешiм қабылдаған күннен бастап;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу анықталған күнтізбелік жылға дейінгі бес салықтық кезеңнің алдындағы кезең үшін үстеме пайдаға салынатын салық бойынша;
3) салық органы тиісті салықтық кезең үшін осы салықты төлеу мерзімінен кейін жеке тұлғалардан мүлік пен көлік құралдарына салынатын салықтардың есептелген сомаларын есептеген немесе қайта қараған кезде;
4) жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару кезінде – жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы сотқа талап арыз берілген күннен бастап және оларды орналастыру аяқталғанға дейін;
5) жеке тұлға хабарсыз кеткен деп танылған кезде – оны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
6) «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» немесе «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттығын немесе банкроттықты немесе оңалтуды қолдану туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған кезде – сот кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген сома бөлігінде тиісті сот актісі шығарылған күннен бастап;
7) берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану кезінде – берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге енгізілген сома бөлігінде осындай рәсімді қолдану туралы сот актісі шығарылған күннен бастап;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген төтенше жағдай және (немесе) жарияланған төтенше жағдай кезеңінде;
9) бұрын белгісіз мән-жайларды анықтауды қоспағанда, алынған алдын ала түсіндірмеге сәйкес салықтық міндеттемелерін орындауы нәтижесінде деңгейлес мониторингтеуге қатысушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзған кезде туындаған, есептелген (есепке жазылған) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомасына есепке жазылмайды.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің мақсаттары үшін бұрын белгісіз мән-жайлар деп деңгейлес мониторингке қатысушының сұрау салуы бойынша берілген алдын ала түсіндірмеде көрсетілген уәкілетті органның ұстанымына әсер ететін:
1) көрсетілген сұрау салуда;
2) уәкілетті органға немесе оның лауазымды адамдарына осындай сұрау салуды қарау шеңберінде берілген салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша түсіндірмелерінде бұған дейін уәкілетті органның назарына жеткізілмеген мән-жайлар танылады.
4. Өсімпұлдарды есепке жазу мынадай жағдайларда:
1) салық төлеушіні банкрот деп танудан немесе оған қатысты оңалту рәсімін немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы сот актісі заңды күшіне енген жағдайда – тиісті іс жүргізуді қозғау туралы сот актісі шығарылған күннен бастап;
2) салық төлеуші берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасаспаған не мұндай келісімді бекітуден бас тарту туралы сот актісі шығарылған жағдайда – берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот актісі қабылданған күннен бастап;
3) жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот актісінің күші жойылған кезде – жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап қайта басталады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-85/