НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

86-бап. Шығыс операцияларын тоқтата тұру

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Шығыс операцияларын тоқтата тұру салық органының салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттары және (немесе) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығаруы арқылы жүргізіледі.
2. Банктік шоттар (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру мынадай жағдайларда:
1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешектің шекті мөлшерінен асатын сомадағы салықтық берешекті өтемеген;
2) салық органында тіркеу есебіне қою туралы хабарлама орындалмаған;
3) салық органының лауазымды адамдарының осы Кодексте белгіленген салықтық тексеру жүргізу тәртібін бұзған жағдайлардан басқа, олар салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық тексеруге және зерттеп-қарауға жіберілмеген;
4) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама орындалмаған;
5) дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама орындалмаған;
6) тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету бойынша айналымның нақты жасалғанын растау туралы хабарлама орындалмаған жағдайларда жүргізіледі.
3. Салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешектің шекті мөлшерінен одан асатын сомадағы салықтық берешекті өтемеген кезде жүргізіледі.
4. Егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, шығыс операцияларын тоқтата тұру салық төлеушінің (салық агентінің) барлық шығыс операцияларына қолданылады. Шығыс операцияларын тоқтата тұру мыналарға:
1) кейіннен оларды: осы Кодексте көзделген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді; Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кедендік төлемдерді; әлеуметтік төлемдерді; уақтылы төлем жасамағаны үшін есепке жазылған өсімпұлдарды; бюджетке енгізуге жататын айыппұлдарды төлеу шотына аудару үшін қолма-қол ақшаны төлеу және банк ұйымдарына тапсыру жөніндегі операцияларға қолданылмайды;
2) өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, алимент, жалақы, зейнетақы, жәрдемақы өндіріп алу, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақысын және еңбекақыны төлеу, авторлық шарт бойынша сыйақы төлеу, әлеуметтік төлемдерді аудару, мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ салықтық берешекті, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу бойынша ақшаны алып қоюға;
3) банк ұйымына қатысты касса бойынша операцияларды тоқтата тұру туралы өкім шығарылған кезде банк ұйымының клиенттердің қолма-қол ақшасын беруі жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
5. Мыналар:
1) банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім банк ұйымы алған күннен бастап күшіне енеді және сөзсіз орындалуға тиіс;
2) касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім салық төлеуші (салық агенті) келіп түскен қолма-қол ақшаны олар түскен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей бюджетке аудару арқылы сөзсіз орындалуға тиіс.
6. Банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің нысанын Ұлттық Банкпен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
7. Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімді шығарған салық органы шығыс операцияларын тоқтата тұру себептері жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей оның күшін жояды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-86/