Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
88-бап. Электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұру
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
1. Электрондық шот-фактураларды жазып беруді тоқтата тұруды салық органы:
1) салық органы тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету бойынша айналымның нақты жасалғанын растау туралы хабарламаны орындамаған немесе орындалмаған деп тану туралы шешім шығарған;
2) салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жерін растау туралы хабарлама орындалмаған;
3) алдыңғы алты ай ішінде қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілікті өз бетінше ұсынбаған қосылған құн салығын төлеушінің мұндай салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткен;
4) қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілікті ұсыну қайта басталған күнге дейін осындай салықтық есептілікті табыс етуді осындай салықты төлеуші тоқтата тұрған;
5) дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген;
6) заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген;
7) заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаны әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген;
8) заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаны хабарсыз кеткен деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енген;
9) заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаның қайтыс болғаны немесе қайтыс болды деп танылғаны туралы нөмірлер тізілімінен мәліметтер келіп түскен;
10) заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) немесе дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216, 238 немесе 245-баптары бойынша осы заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің қызметі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған сот актісі заңды күшіне енген;
11) заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғаны іздестіру туралы қаулы шығарылған;
12) болу мақсаты Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруға байланысты емес екендігі не заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) немесе дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлға шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында болуының рұқсат етілген мерзімінің өткені туралы мәліметтер келіп түскен;
13) дара кәсіпкер әрекет етпейтін салық төлеушілер тізіліміне енгізілген;
14) бірінші басшысы немесе жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) қосылған құн салығын төлеуші-заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын салық төлеуші әрекет етпейтін салық төлеушілер тізіліміне енгізілген;
15) салық төлеуші камералдық бақылау нәтижелері бойынша болжамды алшақтықтар туралы хабарламаны орындамаған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
2. Салық органы:
1) осы баптың 1-тармағының 1) – 4) және 12) – 14) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда осындай тоқтата тұру себептері жойылған;
2) осы баптың 1-тармағының 7) – 12) тармақшаларында көзделген шарттарға сәйкестігі тоқтатылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін тоқтата тұрудың күшін жояды.
3. Электрондық шот-фактуралар жазып беруді тоқтата тұру және тоқтата тұрудың күшін жою туралы шешімдерді салық органы электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде қабылдау үшін негіздер туындаған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Электрондық шот-фактуралар жазып беруді тоқтата тұру және тоқтата тұрудың күшін жою туралы шешімдер қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде салық төлеушіге ұсынылады.
4. Электрондық шот-фактураларды жазып беру тоқтатыла тұрған салық төлеушілер туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсында электрондық шот-фактуралардың жазып берілуін тоқтата тұру туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде орналастырылады.
Осы мәліметтер электрондық шот-фактуралар жазып беруді тоқтата тұру туралы шешімнің күші жойылған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсынан алып тасталуға жатады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-88/